Каспий жағалауы бір мезетте шаяндар мекеніне айналды
Теңізден шығып қалған су жәндіктері қаладағы Әскери демалыс аймағының барлық аумағына шашылған. Тосын жайды байқаған Ақтау тұрғындарының кейбірі сөмкелерін алып жинауға кіріссе, енді бірі адасқан шаяндарды қайтадан суға жіберуге асықты.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
11.03.2019
Бір күнде жағалауда шашылған шаяндардың көрінісі көпшілік назарына ілікті. Таңертеңмен Каспийге қарай бағыт алған тұрғындардың басым бөлігі оңай олжаға кенелуді көздесе, енді бірі қайтадан теңізге жіберуге тырысқан. Сонымен қатар, мұндай ерекше құбылысты сырттай бақылауға келген жұртшылықтың қарасы да басым.
Нина Гоголева, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Мұнда шамамен миллионға жуық шаян бар секілді. Біз барлық жәндіктерді суға лақтырып жатырмыз. Бірақ, теңіз кішкентай шаяндарды қайтадан жағаға шығаруда.
Жануарларды қорғау орнының мамандары мұндай жағдай қалыпты құбылыс дейді. Қыс мезгілінен кейін әлсіреген су жәндіктерін теңіз дауылы жағаға шығарып жібереді екен. Алайда, шамадан тыс шашылған шаяндардың себебін анықтау үшін судың құрамы алынып, тексеруге жіберілді. Өйткені, таза суды жаны сүйетін жәндіктердің әрекетіне судың ластануы да себепші болуы мүмкін.
Әдізал Шихметов, Маңғыстау облысы инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Дауыл кезінде жағалауға шыққан шаяндардың барлығы тірі. Бұл қалыпты процесс. Көктем басталғалы боран екі күн қатарынан тұрды. Күні кеше Түпқараған ауданындағы желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен. Барлығы таза, экология департаменті қазір жағалауда жұмыс істеуде. Судың құрамын алып, біздің инспекторлар дамылсыз қызметте жүр.
Сарапшылардың ойынша, теңіз бір мезетте шаяндардың барлығын жағаға шығарып, олардың көбеюіне кедергі келтіре алмайды. Сондықтан мұның ешқандай қаупі бола қоймайтынын ескертті. Бірақ, қала тұрғындары су жәндіктерінің басым бөлігін қайтадан теңізге жіберуді сұрап отыр. Осылайша, жұрт сәуір айында басталатын уылдырық маусымында олардың санын біршама сақтап қалғысы келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!