14 жастағы жасөспірім жаттығу залында көз жұмды
Жаттығамын деп мерт болды. Қарағанды облысында 14 жастағы жасөспірім жаттығу залында көз жұмды. Дубовка ауылының тұрғыны шығыс жекпе-жегімен айналысқан екен.
Автор: Әсем Қабылбек
11.03.2019
Айжан Иса, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- 8 наурыз күні 19:06-да жедел жәрдем станциясына қоңырау келіп түсті. Осындай балаға шақырылып отыр. Біздің дәрігерлер тез уақытта жетті, 10 минуттың ішінде сол жерде болды. Өкінішке орай дәрігерлер келген бетте ол бала қайтыс болып кетті.
Данил Поторский каратэмен жаттығу кезінде қаза тапқан. Болашағынан зор үміт күттірген жас спортшы 8 наурызда соңғы рет татамиге шықты. Бапкердің нұсқауын орындаған ол жарақаттанып, есінен танған. Жедел жәрдем шақыртқанымен, ер бала облыстық кардиология орталығына жетпестен көз жұмады. Ал, каратэ федерациясы болған жайтқа қатысты ақпарат беруге асығар емес. Бүгін залдың есігі жабық. Данил Поторский - кәсіби спортшы. Каратэден қоңыр белбеу иегері. 10 жылдан бері шығыс жекпе-жегімен айналысады. Оқушы облыс орталығындағы жаттығу залына Дубовка ауылынан күн сайын қатынапты. Қазір бұл іске қатысты тергеу басталды.
Жаңатай Сембеков, Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Жан-жақты нақтылау мақсатында сотқа дейінгі тергеу басталды. Қорытындысы бойынша жаттықтырушы мен жедел-жәрдем қызметкерлерінің іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!