Елімізде Boeing маркалы ұшақтар жаппай тексерілетін болды
Осы Эфиопиядағы апаттан соң еліміздегі Boeing маркалы ұшақтар жаппай тексерілетін болды. Әрі ұшқыштар төтенше жағдайға дайын болуы үшін қайта жаттығудан өтіп, білімдерін жетілдіруі керек. Азаматтық авиация комитеті отандық әуе компанияларына осындай талап қойып отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
11.03.2019
157 адамның өмірін жалмаған апаттан соң, Boeing-737 max ұшағының сапасына сын айтушылар көп. Тіпті, Қытай осы әуе кемесін уақытша көкке көтеруге тыйым салып үлгерді. Ал, біздің елде әзірге мұндай шаралар қолданылмайды. Десе де, Азаматтық авиация комитеті, отандық әуе компаниялардың барлық боинг ұшақтарын жаппай тексеруден өткізгелі жатыр.
Дәулетбай Серікбаев, Азаматтық авиация комитеті Ұшуды пайдалану басқармасының аға инспекторы:
- Ұшақтардың ұшуға жарамдылығын тексеру үшін әуе компанияларына деректива, яғни, тапсырма бердік. Олар бойнгтарды тексеріп қана қоймай, пилоттарын жаттығудан өткізіп, шеберліктерін шыңдауы керек. Авиация комитеті өз тарапынан бақылау жүргізіп, барлығын қадағалайтын болады.
Эфиопияда құлаған, Boeing-737 max секілді ұшақ елімізде біреу ғана. СКАТ әуе компаниясына тиесілі борт «Boeing» корпорациясынан былтыр сатып алынған. Оның сапасына қатысты сұрақтың туындауы бекер емес. Төрт жарым ай бұрын да Индонезияда дәл осы 737 max лайнері құлап, 189 адам қаза тапқан еді. Тіпті, екі апта бұрын елімізде де қайғылы жағдай бола жаздапты.
Дәулетбай Серікбаев, Азаматтық авиация комитеті Ұшуды пайдалану басқармасының аға инспекторы:
- СКАТ Boeing-737 max кемесін бір жылдай пайдаланып келеді. Өткен айда осы ұшақтан бір рет ақау шықты. Яғни, «Шарм-аль-шейх»-тан азаматтарымызды алып келе жатқан лайнердің биіктік өлшегіші істемей қалған. Қайта ұшқыштар дер кезінде әркет етіп, апаттың алдын алды.
Ал, «Эйр Астана», «Сұңқар эйр» секілді өзге тасымалдаушыларда бойнгтың басқа моделдері ғана бар. Бірақ олар да «737 max» ұшағы секілді тексеруден өтуі тиіс.
Азаматтық авиация комитеті әуе компанияларына 10 күн уақыт беріп отыр. Осы мерзім ішінде тасымалдаушылар, ұшақтардың техникалық жағдайы жайлы баяндап, төтенше жағдайға дайын болуы үшін пилоттарын жаттығудан өткізуі керек. Ал біздегі боинг ұшақтарынан ақау шықса, Қытайдан соң, Қазақстан да олардың ұшуына тыйым салуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!