Эфиопиядағы апат: Әуежайға кешігіп, аман қалды
Эфиопияда ұшақ апатынан 157 адам қаза тапты. Кения астанасы Найробиге бет алған «Боинг-737» лайнері көкке көтеріле сала радардан жоғалып кеткен. Опат болғандардың арасында 35 елдің азаматы бар екен. Ал грекиялық бір азамат әлеуметтік желідегі парақшасында әуежайға кешігіп барғанының арқасында аман қалғанын хабарлады.
Автор: Мақсат Мәлік
11.03.2019
Аддис-Абебадан көкке көтерілген «Боинг-737» ұшағы Кения астанасы Найробиге бет алған екен. «Эфиопиан эйрлайнз» компаниясына тиесілі әуе кемесінде 149 жолаушы және 8 экипаж мүшесі болыпты. Алайда, санаулы минуттардан соң әуедегі ұшақпен байланыс үзілген.
Джеймс Мачария, Кенияның Көлік министрі:
- Қайғылы оқиға туралы ақпаратымыз аз. Ұшақ әуежайдан жергілікті уақыт бойынша 8:30-да ұшып шығыпты. Арада 6 минут өткенде радардан жоғалып кеткен.
Апаттан ұшақ бортындағы 157 адам түгел қаза тапқан. Олардың арасында 35 елдің азаматы бар. Ал, Найроби әуежайында жақындарын асыға күткендер қайғылы жағдайды әлеуметтік желілер арқылы естігенін айтады.
Роберт Мутанда, марқұмның туысы:
- Бірнеше минуттан соң әлеуметтік желіге ұшақ апаты жайында ақпарат шықты. Сағатымызға қарап сол уақыт аралығында осы ұшақтың әуеге көтерілгенін түсіндік.
Ал рейске 2 минут кешігіп жеткен Грекия азаматы ұшаққа жіберілмей, ажалдан аман қалыпты. Антониос Мавропулос бұл жөнінде өзінің фейсбуктағы парақшасында жариялады. Еліміздің сыртқы істер министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматы жоқ. Қазір арнайы құрылған комиссия апаттың жай-жапсарын анықтауға кірісіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!