Ұшуына тыйым салынған ұшаққа билет алғандар тығырыққа тірелді
Қазақстандағы жалғыз «Боинг 737 макс» ұшағы уақытша тоқтатылды. «Скат» әуе компаниясына тиесілі бұл ұшақтың енді қашан көкке көтеріле бастайтыны белгісіз. Енді соған билет алып қойған жолаушылар жаппай басқа әуе кемелеріне ауыстырылып жатыр. Соның кесірінен біраз адам барар жеріне кешігуі мүмкін. Ал туроператорлар шетелге демалуға кететіндер мен қайтып оралатын туристері үшін алаңдап отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.03.2019
Эфиопиядағы әуе көлігі апатынан кейін еліміздегі жалғыз «Боинг 737 макс» ұшпайтын болып қалды. Бұл уақытша. Сол ұшақ тиісілі «Scat» әуе компаниясы қауіптің алдын алу үшін осындай қадамға барыпты.
Виктория Старожилова, SCAT әуе компаниясы қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі:
- 13 наурыздан бастап SCAT әуе компаниясы Boeing 737 MAX8 әуе көлігін қолдануды уақытша тоқтатты. Онымен жоспарланған барлық бағыттарға әуе компаниясының басқа ұшақтары жіберіледі. Компания Азаматтық авиация комитетімен бірлесіп, осындай шешім қабылдады.
«Эфиопиан Эйрлайнс» компаниясына тиесілі «Боинг 737 макс» ұшағы 10 наурыз күні таңертең Аддис-Абебадан ұшып шығып, 6 минуттан кейін радардан жоғалған еді. Ішіндегі 157 адам түгел қырылып қалған. Еліміздегі тура сондай жалғыз ұшаққа билет алған жолаушылар енді басқа ұшақтарға ауыстырылып жатыр. Азаматтық авиация комитеті Эфиопиядағы апатты зерттеп жатқан комиссияның қорытындысын күтіп отыр.
Дәулетбай Серікбаев, Азаматтық авиация комитетінің мемлекеттік авиация инспекторы:
- 15 күннің ішінде комиссияның шешімі болады. Сол кезден бастап біз бір шешімге келеміз. Билетті өткізудің қажеті жоқ. Scat әуе компаниясының тағы 6 ұшағы бар. Боинг 737 деген. Сол себептен, барлық бағыттар уақытша ұшады.
Осы ұшаққа билет алып қойған жолаушылар үшін туристік компаниялар алаңдап отыр. Үндістан, Тайланд, Мысырға жолдама алып қойғандардан бөлек, енді бері қайтатын саяхатшылар аз емес екен.
Бахтиор Исхаков, «Pro Nour» туристік компаниясының бас директоры:
- Ол ұшақ ертең Гоаға ұшып барып, сол жақта демалып жатқан саяхатшыларымызды алып келуі керек еді. Енді ұшып келу уақыты шегерілетін сияқты. Кем дегенде 3-4 сағат кешігетін шығар деп отырмыз. Туристеріміз уатқытында ұша алмай қалса, әуе компаниясы оларды жатын орын, ішіп-жеммен қамтамасыз етуі тиіс.
Бүгінге дейін әлемде 27 әуе компаниясы ұшақтың осы түрлерін уақытша қаңтарып қойды. Еуроодақ аспанынан ұшып өтуге тыйым салды. Алайда осы ұшақты жасап шығарған АҚШ пен Канада тоқтатуға түк негіз жоқ деген ұстанымда. Біздің ел «Боинг 737 max-ты» қолдануды уақытша тоқтатқанымен, өзге шетелдік компаниялар үшін сол ұшақпен аспанымыздан ұшып өтуге әлі тыйым салған жоқ. Ол мәселеге қатысты Азаматтық авиация комитеті бір тоқтамға келе алмай жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!