Көрісу күні ресми мерекелер санатына енуі мүмкін
Депутаттар Көрісу күнін ресми мерекелер санатына енгізуді сұрады. Сәрсенбай Еңсегенов үкімет басшысына осындай ұсынысын білдірген. Тек қана бір өңірде емес, ел бойынша амал мейрамын атап өткен жөн дейді. Бүгін еліміздің батыс өңірі Наурыз мейрамын тойлап жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.03.2019
Бұрын Амал мейрамын бүкіл қазақ тойлайтын болған. Кеңес дәуірі кезінде ұмыт қалып, тек батыс жұрты ғана туған-туыс арасында атап өтіп жүрді. Енді Көрісу күнін ресми мейрам санатына қосуды сенат депутаттары ұсынып отыр.
Сәрсенбай Еңсегенов, Сенат депутаты:
- Осы 14 наурыз Көрісу күнін мерекелер тізіміне енгізу туралы ұсыныс жасап жатырмыз үкіметке. Адамды жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін құндылық қой. Сондықтан мұндай мереке шеттен келген нәрсе емес. Басқа елдің бізге сіңген мерекесі емес.
Наурыздың 13-інен 14-іне қараған түні Отпантауда жиналуды әдетке айналдырған. Жыл сайын шараны ұйымдастыру әр руға жүктеледі. Сол атаның балалары шырақ жағып, от тұтатады. Бұрын жау шапқанда от тұтатып, белгі беретін болған. Батырлар дереу жиналып, шайқасқа шығады екен. Кейін бұл үрдіс бейбітшіліктің нышанына айналды.
Көрісу немесе амал мерекесін атыраулықтар да биыл ерекше атап өтті. Қаладағы Сұлтан Бейбарыс атындағы орталық алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, «Көрісу Fest» өтті. Келушілерге ұлттық сусындар мен тағамдар ұсынылып, облыстық мұражайдағы ұлттық нақыштағы бұйымдардың көрмесі өткізілді. Амал мерекесін көзбен көру үшін Атырауға басқа өңірлерден арнайы келгендер де болды.
Сейдахмет Байдәулет, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Біз бірінші рет көріп отырғандықтан ризамыз. Шымкентте 22 наурызда басталып, бір апта болады. Мынау мереке өзгеше екен.
- Наурыз мейрамын тойлауды ақтөбеліктер де бастап кетті. Мұндағы халық жасың құтты болсын деп бір-біріне тілек айтып, көрісіп жатыр.
Көрісу күні араздасқан ағайын татуласып, бір-біренен кешірім де сұрайды. Амалда үлкендерге арнайы соғып, сәлем беру жастар үшін міндет.
Құрал Шапкаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бұл күні ренжіскендер татуласуы керек. Кешерімге үндейтін әперетін наурыз мерекесі.
Ал Оралда Көрісу күні орталық Абай атындағы алаңда тойлады. Мұнда палуандар күресіп, балалар асық атудан жарысқа түсті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!