Шымкентте 45 адам уланып ауруханаға түсті
Шымкентте оқушыларды жаппай улаған иістің не екенін құзырлы орындар нақты айта алмай отыр. Бас санэпидемиолог Жандарбек Бекшин жұрттың улануына табиғи газ себепкер болды десе, шымкенттегі төтенше жағдай қызметі мен газ тарату мекемелері мұны жоққа шығарады. Айта кетсек, кеше Шымкенттте ауаға тараған иістен 45 адам уланып, ауруханаға түскен еді. Оның 41-і мектеп оқушысы. Бүгін тіпті 54-ші мектепте оқу ісі тоқтатылды.
Автор: Бек Әбиев
19.03.2019
Тұншықтырғыш иіс мектепке күндізгі сағат 4-тер шамасында жеткен. Бұл кезде ғимаратта 880 оқушы мен 100-ге тарта мектеп қызметкері болған. Қолқаны қабатын иістен кейбір оқушылар басы айналып, естен танған соң жаппай эвакуациялау жұмыстары басталған.
Алайда, таза ауаға шықпақшы болған оқушылар мен ұстаздардың хәлі қиындай түскен. Себебі, улы иіс бұл кезде даланы да басыпты. Осының салдарынан, 23 оқушы мен екі қызметкер жедел-жәрдеммен ауруханаға әкетілсе, кешке дейін уланғандар саны 45-ке жетті. Олардың 41-і оқушы.
Ұлған Мамешова, №54-ші мектептің директоры:
- Қатты бір иіс болды. Жүректі айнытты. Бас айналды. Құсқымыз келді. Енді өздеріңіз ойлаңыздар 4-тер шамасында балалар сабаққа келіп қойған, қарны аша бастаған.
Қазір уланғандардың барлығы ауруханадан шығарылды. Кешегі жағдайдан кейін білім басқармасы №54-ші мектепте бүгін мүлдем оқуды доғаруды тапсырыпты. Оқу жоқ, тек техникалық қызметкерлер мен ұстаздар әр бұрышты жуып-шайып, әр сыныпты желдетіп жатыр. Жалпы, өткір иіс мектепті ғана емес, жақын маңайдың барлығын тұншықтырған. Улы иістің не екенін алғақшы болып еліміздің бас санэпидемиологы Жандарбек Бекшин айтып берді.
Жандарбек Бекшин, ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
- Табиғи газ тарату стансасында сол газдың шығуы анықталды. Ол кезде біздің мамандарымыз тексерген кезде осы газ қызметінің жұмыскерлері осы газдың шығуын жөндеді. Қазіргі таңға осы подстансаның аумағында ешқандай газ жоқ. Біз лабороториялық зерттеу жасадық.
Бірақ іле-шала хабарлама таратқан шымкенттік төтенше жағдайлар департаменті мен газға жауапты мекемелер Бекшиннің болжамын жоққа шығарды. Кешелі бері ауа сынамасын алып, зерттеулер жүргіздік деген мамандар онда табиғи газ болмағанын айтады.
Зарипа Тұрысбекова, Шымкент қалалық ТЖД бас маманы:
- Біздің алдын-ала ақпаратымыз бойынша жалпы ол жерде табиғи газдың шығуы тіркелмеген. Себебі, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, ол газдың иісі шыққаны туралы анықталмағаны айтылған-тұғын.
Дегенмен, табиғи газдың барын жоққа шығарғандар жұртты тұншықтырған иістің не екенін және қайдан шыққанын айта алмады. Төтеншеліктердің сөзінше, бұған дейін осыған ұқсас жағдай екі жыл бұрын болған. Ол кезде де жұмбақ иістің қайдан шығып, қайда кеткенін анықтай алмапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!