Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кабинеті қайда ауысады?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі Ақордадан Тұңғыш Президент кітапханасына ауысады. Тұңғыш президент өз құзырындағы міндеттерін сол жерде отырып атқаратын болды. Биліктің осылай ауысуына қатысты сарапшылардың ой-пікірі қандай?
Автор: Ербол Тұрымбет
20.03.2019
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа президенті Қасымжомарт Тоқаев бүгін Ақордаға жайғасса, Нұрсұлтан Назарбаев енді Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы ғимаратында отыратын болды. Құрылысы мен дизайны ерекше көз тартатын жер осыған дейін негізінен мәдени орталық болып келген еді.
Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың төл шығармалары, кітаптары, шетел президенттері мен әлемдік беделді саяси ұйымдар тарту еткен сыйлықтары сақталып келген болатын. Енді Елбасы Республикамыздың Қауіпсіздік Кеңесін, «Нұр Отан» партиясын сол ғимаратта отырып басқарады.
Ел тарихындағы осындай ерекше оқиға саясаткерлер мен сарапшыларды бей-жай қалдырмады. Қазір осы тарихи оқиғаға қатысты Мәжіліс депутаттарының пікірін тыңдауды ұсынам.
Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:
- Президенттік орнынан кетсе де, елмен қатарымызда жүреді. Партиямызды басқарады, Қауіпсіздік Кеңесін басқарады. Қалай болса да елімізде әлі біраз еңбек істейтіні белгілі.
Серік Бейсембаев, Тұңғыш Президент қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Бұл шешімге келмес бұрын Елбасы жағдайды жан-жақты бағалады. Елдегі жағдай тұрақты, Қазақстанның қоғамы біртұтас екеніне көзі жетті. Саяси элитаның оны қолдайтынына көзі жетті. Елдің экономикасы мен саяси жүйесінің де тұрақты екендігін ескере отырып, осындай қадамға барып отыр.
Сарапшылар бұл мемлекет тұрақтылығын мызғымас берік қалпында сақтап, жаңа президентке бейбіт жолмен өткізудің озық жолы деп бағалап отыр. Әлбетте, елдің Тұңғыш Президенті, Елбасы дәрежесінде мемлекеттің дұрыс бағытпен дамуына атсалыса береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!