Тоқаев Астананы Нұрсұлтан деп атауды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев, жауапты қызметіне кірісіп кетті. Билікті табыстау рәсімі Парламент ғимаратында бірнеше сағат бұрын ғана аяқталды. Енді Тоқаев сайлау өтіп, жаңа президент сайланғанша мемлекеттің басшысы қызметін атқаратын болады.
Автор: Досжан Маратұлы
20.03.2019
Иә, бүгінгі күн тарихта қалары анық. Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз Қазақстанның екінші президенті атанды. Ант қабылдау рәсімі Парламент мәжілісінің ғимаратында өтті. Мұнда Сенаттың экс-төрағасы қолын конституцияға қойып, қос палата депутаттары мен, үкімет мүшелері және шетелдік дипломаттар мен Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында қазақ халқына адал қызмет етуге ант берді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттің басшысы қызметін сайлау өтіп жаңа президент сайланғанша атқаратын болады. Сондықтан орталық сайлау комиссиясының төрағасы жиын барысында Тоқаевқа президент куәлігі мен «Алтын қыран» орденін табыстады. Бұдан соң сөз сойлеген президент Қасым Жомарт Кемелұлы дәл жиын үстінде бірқатар тапсырмаларды берді. Яғни, Астананың атауы бұдан былай Нұрсұлтан болып өзгеруі керек. Әрі ірі қалалардың орталық көшелері Тұңғыш президенттің атымен аталуы тиіс. Әрі Нұрсұлтан Назарбаевка ең жоғарғы награда «Халық қаһарманы» орденін табыстады. Елбасының ерен еңбегін ерекше бағалаған Тоқаев Назарбаевты халықтың қамқоршы әкесі болып қала беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елбасы кеңес одағының күйреген қалдықтары ғана қалған күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің іргесін қалады. Және оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамдарға қарамастан мемлекетті барша әлем мойындаған табыстарға жеткізді. Барлық дүние жүзінің картасында қарқынды даму, демократия, келісім мен бейбіт өмірдің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды.
Ал, Қазақстанды 30 жылдай басқарған Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа президентке сәттілік тілеп, елдің дамуы жолында бар күш жігерін салып еңбек ететініне сенім білдірген еді. Кеше ол республикалық телеарналар арқылы халыққа үндеу жасап, өзінің өкілеттігін тоқтататынын айтқан. Сондықтан конституция бойынша оның өкілеттігі парламент сенатының төрағасына өтіп отыр. Ал, Астананың атауын өзгертуге қатысты шешімді қалалық масихат бүгін 17:00-де қабылдауы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!