Тоқаев Назарбаевты ұстазым деп атады
Қазақстанда бүгіннен бастап жаңа президент. Қасым-Жомарт Тоқаев ант беріп, жауапты қызметіне кірісіп кетті. Билікті табыстау рәсімінде Тоқаев Елбасына алғыс айтып оны саясаттағы ұстазым деп атады.
Автор: Досжан Маратұлы
20.03.2019
Бүгінгі күн тарихта қалары анық. Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз Қазақстанның екінші президенті атанды. Мұнда Сенаттың экс-төрағасы қолын конституцияға қойып, қос палата депутаттары мен, үкімет мүшелері және шетелдік дипломаттар мен Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында қазақ халқына адал қызмет етуге ант берді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жауапты қызметті сайлау өтіп жаңа президент тағайындалғанша атқаратын болады. Сондықтан орталық сайлау комиссиясының төрағасы жиын барысында Тоқаевқа президент куәлігі мен «Алтын қыран» орденін табыстады. Бұдан соң сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы дәл жиын үстінде президент ретінде алғашқы тапсырмаларын берді. Әрі Нұрсұлтан Назарбаевқа ең жоғарғы награда «Халық қаһарманы» орденін табыстады. Елбасының ерен еңбегін ерекше бағалаған Тоқаев Назарбаевты халықтың қамқоршы әкесі болып қала беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елбасы кеңес одағының күйреген қалдықтары ғана қалған күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің ергесін қалады. Және оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамдарға қарамастан мемлекетті барша әлем мойындаған табыстарға жеткізді. Барлық дүние жүзінің картасында қарқынды даму, демократия, келісім мен бейбіт өмірдің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды.
Ал, Қазақстанды 30 жылдай басқарған Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа президентке сәттілік тілеп, елдің дамуы жолында бар күш жігерін салып еңбек ететініне сенім білдірген. Кеше елбасы республикалық телеарналар арқылы халыққа үндеу жасап, өзінің өкілеттігін тоқтататынын айтқан еді. Сондықтан конституция бойынша оның өкілеттігі парламент сенатының төрағасына өтіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!