Астанамыз – Нұр - сұлтан!
Елді елең еткізген соңғы саяси жаңалықпен қатар енді қалың жұрт Елорда атауының өзгеруін де қызу талқылап жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
20.03.2019
Әрине, депутаттардың шешіміне сай, осы сәттен бастап Нұрсұлтан қаласында тұрамыз. Дегенмен, Парламент мақұлдап қойғанымен ресми құжатқа Президент қол қоюы керек. Одан бөлек, Конституцияға өзгеріс енгізіледі. Әйтсе де қазірдің өзінде қала тұрғындары жаңа атауға қазірден-ақ өздерін үйретіп жатыр.
Астананың о бастағы атауын да қойған Елбасының өзі болатын. 1998 жылдың 6-шілдесінде Ақмола Астанаға өзгертілді. Содан бергі 21 жылға жуық уақытта Астана әлем көз тіккен көрікті қалаға айналып, Қазақстанның жаңа брендіне айналды десек қателеспеспіз.
Толығымен жаңадан тұрғызылған сол жағалауға талай шетелдіктердің таңдай қағып жүргені бәрімізге мәлім. Енді, міне, небәрі 10-15 минуттың ішінде тәуелсіз елдің Астанасы қайта түлеп шыға келді. Елорданың есімін өзгерту жөніндегі ұсынысты қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынғанын айта кетейік. Парламент көп созған жоқ.
Нұрлан Нығматуллин, Мәжіліс төрағасы:
- Сенаттан қатысып отырған 43 депутат, жақтағандар да 43. Мәжілістің 102 депутаты қатысып отыр, 102 депутат жақтаған. Сонымен, құрметті әріптестер, тарихи шешім қабылданды.
Әрине, бірден құлақ үйреніспейтіні түсінікті.Біз бірінші болып жаңа атауды қабылдаған Парламент депутаттарының өздерінен сұрап көргенбіз. Олар ең алдымен, Елбасының осы қаланың жаңа келбетінің қалыптасуына, әлемге танылуына о бастан өзі ерен еңбек сіңіргенін баса айтып жатыр. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетілген зор құрметтің белгісі ретінде осы қала атауына да сол кісінің есімін беруді жөн көріпті.
Анар Жайылғанова, Мәжіліс депутаты:
- Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы осы қаланың салынуына, осы қаланың іргетасының қаланып, осындай дәрежеге жетуіне үлкен үлесін қосқан адам. Сондықтан, болашақ ұрпағымызға сол кісінің аты қалсын десек, болашақ ұрпақтар ол кісінің атын білсін десек, осы қалаға ол кісінің атын беру мен өте дұрыс шешім деп қабылдаймын және өзім жаңа осы заң жобасын қолдап дауыс берген болатынмын.
Айта кетейік, бұл қала атауы өзгергеннен кейін ресми құтаттарды, жеке басты немесе меншік иелігін куәландыратын түрлі құжаттарды бас салып ауыстырудың керегі жоқ. Барлық құжаттар о бастағы көрсетілген мерзімдері бойынша өзгертіледі.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
- Астананың атауы Конституцияда бекітілген. Қаланың атауы өзгерді екен деп Халыққа қызмет көрсету орталықтарына сабылып керегі жоқ. Кез келген құжат, жеке куәлік, диплом, көлік жүргізу куәлігі немесе басқа да құжаттар өз уақытымен, көрсетілген мерзімі біткен кезде ғана ауыстырылады.
Қаланың жаңа атауынан бөлек, Елбасына құрмет ретінде монумент тұрғызылады және ірі қалалардың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!