Наурыз көжеге керек өнімдер қымбаттап кеткен
Биыл наурыз көже дайындауға 7 мың теңгеден аса қаражат кетуі мүмкін. Нарыққа қарай асқа қосылатын өнімдердің бағасы бір шама қымбатаған. Оның үстіне азық-түлік мереке қарсаңында тағы да еселене түсетіні белгілі жайт. Алайда, бағаның тұрақсыздығы, тұрғындардың дәм әзірлеуіне кедергі келтірмейтін сыңайда.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
21.03.2019
Мысалы, тұз республика бойынша орташа есеппен 52 теңгеден сатылып жатыр. Бір жыл бұрынғы бағамен салыстырсақ 2,5 пайызға өскен. Ұнның келісі 162 теңге. 8,2 пайызға қымбат. Наурыз көженің негізгі дәмдерінің бірі -тары да 21,7 пайызға шарықтап, 254 теңгеге жеткен. Сүт өнімдері де қымбат. Айранның литрі 286 болса, сүттің литрі 239 теңгеге жуықтапты. Еттің де бағасы ұшып тұр. Мысалы жылқы еті 10,8 пайызға, сиыр мен қойдыкі 6 пайыздан аса қымбаттаған. Бұл аздай мейрам күндері саудагерлер бағаны одан сайын көтеріп жіберетіні тағы бар. Жеті түрлі дәммен жасалатын наурыз көженің қалыпты бір құрамы жоқ. Айран, тұз, негізгілердің қатарына жатса, тары, бидай, жүгері сияқты дақылдар мен жылқы немес сиыр, қойдың етін қосу әркімнің қалауына байланысты. Салқындай тартылатын көжеге әрбір өнім мөлшермен салынады.
Бота Құмарқызы, аспаз:
- Дәнді-дақылдардың барлығын жарты келіден салады, бір табақ ет ол бір жарым, екі келідей болады. Сүр ет. Екі келі сүр ет салсақ, қалған дәнді-дақылдарды жарты келіден салуға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!