«Қошқар ата сейілі»: Тек Шымкентке тән мереке дүркіреп өтті
Сан ғасырлар бойы тойланып, кейіннен ұмыт болған іс-шара осымен 4-рет ұйымдастырылды. ШымшаҺарды қақ жарып ағып жатқан Қошқар ата өзені бойында бір тонна ұннан бауырсақ пісіріліп, 300 литр наурыз көже таратылды. Тіпті, ала шапанды ағайындардың пісірген палауына тұрғындар таласып қалды.
Автор: Бек Әбиев
21.03.2019
Қаланың қақ ортасынан шығып жатқан осынау бұлақ арнасы кеңіп өзенге айналады. Қыстан аман-есен шыққан жергілікті жұрт ғасырлар бойы мұнда қошқарды құрбандыққа шалып, шүкірлік еткен. Бүгінде таң ата жиналған тұрғындар киіз үй тігіп, ас пісіріп, алтыбақан тебісті. Күнгейліктер үшін көктемнің ең алғашқы мерекесі саналатын дәстүрлі іс-шараны өткізуге 100 жыл бойы тыйым салынып келген еді.
Қошқар ата сейілі бұл наурыз мейрамының алдында атап өтілетін іс-шара. Күнгей жұрты көк шыға аузы аққа ілінгенде Қошқар ата өзенінің жағасына келіп, сауық-сауран құрып келген. Кеңес дәуірі кезінде ұмыт болған мереке Шымкентте осымен 4-ші мәрте тойланып жатыр.
Бұл күні адамдар бір-бірін құтықтап, ренжіскендер өкпесін ұмытуы тиіс. Ұлттық киім киіп, ән салысқан жастар мен әжелер ансамблі тойдың көркін қыздыра түсті. Қазақтың ұлттық әндерінен бастап, эстрадалық хиттер шырқалып, этномәдени орталықтар да өз өнерпаздарын әкелген. Жалпы бүгінгі іс-шараға 350-ге жуық әртіс өнер көрсетті. Бүгін дастархан да молынан жайылған. 300 литр наурыз көже таратылса, бір тонна ұннан бауырсақ пісірілді. Дегенмен, палау үшін көпшілік жағажыртыспаса да арқан тартыстан кем болған жоқ.
Жібек жолы бойында орналасқан Шымкент әу бастан түрлі ұлт өкілдерінің тұрағы болған. Шалғайдан келген саудагерлер осы жерден дәм татып, қонақ болып аттанып отырған екен. Шараны ұйымдасмтырушылар қарапайымы асық ату мен қазақша күрестен бастап, түрлі ұмыт қалған ұлттық ойындарды дәл осы Қошқар ата сейілі мерекесінде паш етеді.
Самат Алтай, «Қошқар ата сейілі» мерекесінің бас режиссері:
- Қазір көп жерде біздің ұлттық болмысымызға қатысты ұмыт болған ойындарымыз бар, соны біз қайта жаңғыртып жатырмыз. Мысалы, балтамшап, сүйек жару, өгіз арқан, қыл арқан, бөренеге өрмелеу, бөрене жару.
Ал, күші мен бағын сынаймын деген жігіттерге жыл сайын қошқар көтеру сайысы ұйымдастырылады. Бұл жолы да 50-ге тарта жігіт 45 келілік мүйізді азбанды иыққа салып көрді. Кейбірі 20-ға да жеткізбей күлкі болып жатса, 81 мәрте көтерген азамат қошқарды қанжығасына байлады. Ал, көктемнің алғашқы мерекесінен қуат алған тұрғындар мәз мейрам болып тарқасты.
Бақытжамал Аманғалиева, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Бала-шағамызбен келіп, осындай рахат қызықты көріп, тамашалап енді үйге кетіп бара жатырмыз. Бала-шағаның рахатын көріп, ашық аспан астында өмір сүруге нәсіп етсін.
Шымкенттіктер енді ертеңгі наурыз мерекесіне дайындалып жатыр. Ал, Көктемнің алғашқы мерекесін өткізіп алғандар тастай бұлақ суына түсіп, Шымкенттегі шомылу маусымын ашып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!