Назарбаев пен Тоқаев елді Наурыз мерекесімен құттықтады
Елбасы жас жұбайларға бата берді! Астанада басталған Наурыз тойында Нұрсұлтан Назарбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге халықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, бүгін некесін қиған жас жұбайларға бақыт тіледі.
Автор: Ербол Тұрымбет
21.03.2019
Шалқыған көңілді ән онсыз да сәні үйлесіп тұрған киіз үйдің шырайын келістіріп жібергендей. Бай дастарханға жайғасқан қонақтардың көңілі көтеріңкі. Наурыз-көжеден дәм татып, түрлі ұлыс пен дін өкілдері бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Мейрамға орай құрылған этноауылдағы 17 киіз үйдің барлығында осындай мәз-мейрам отырыс. Ал әнші-бишілер этноауылдың ортасын той-думанға айналдырып жіберді.
Қызылды-жасыл киініп, дәстүрлі Жаңа жылды қарсы алып жатқан жұртты ел басшылары құттықтай келді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтың ортасына мерекеге сай қазақы шапан мен жарасымды бөрік кие келіпті. Тура бүгін некесі қиылып жатқан жас жұбайларға тілек айтып, батасын берді.
- Сендерге бақыт тілеймін! Махаббаттарың еш уақытта сөнбесін. Алдарың ашық болсын. Бала-шағалы, үбірлі-шүбірлі болыңдар! Ата-аналарыңа қуаныш әкеліңдер. Елдің азаматы болыңдар! Әумин!
Елбасыдан бата алған жұбайлар да алып ұшқан жүрекпен барша елді құттықтап жатыр.
Амандық-Сұлушаш Сейісхановтар:
- Әз-наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын. Отанымыз тыныш, барлық отбасыларға амандық тілеймін.
- Бүгінгі келіп жеткен Наурыз құтты болсын! Барша халыққа денсаулық тілейміз. Елбасымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Мемлекет басшыларынан бөлек, елдің ресми тұлғалары, шетелдік елшілер де осында жүр.
Рудольф Гикл, Чехияның Қазақстандағы елшісі:
- Бұл біз үшін Қазақстанда алғаш көріп отырған үлкен мейрам. Екі ай бұрын ғана отбасымызбен көшіп келгенбіз. Дәстүрді жақсы ұстанатындарыңызды байқап жатырмыз. Барша Қазақстан халқын Чехия Республикасы мен өз отбасымның атынан Наурыз мейрамымен құттықтаймын.
Бердібек Сапарбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Бұл енді жылдың басы дейді. Жәндіктен бастап, өсімдік бар – барлығы қимылдап, қозғалатын сәт. Сондықтан, барлық қазақстандықтарды осы келген Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Барлығына денсаулық, аманшылық, үйлеріне құт-береке, елімізге тиыштық тілеймін.
Күнделікті тіршілікте көзге шалына бермейтін ұлттық ойындарымыз Наурыз-тойда жұрт назарына ұсынылған. Кілемге шыққан балуандар көргендердің делебесін қоздырса, арқан тартып, асық атып жатқан балақайлар үлкендердің бала күнін еске түсірді.
Ләңгі! Компьютер мен смартфон жоқ кезде ауыл балаларының ермек қылған ең керемет ойындарының бірі. Қазіргі таңда қалалық жерлерде бұл ұмыт бола бастаған. Наурыздың қайта түлеуімен бүгін ләңгі ойыны да қайта жаңғырып жатыр.
Әсіресе, бес қару, жеті қазыналарымызға қызығушылар көп. Қыран бүркіт, құмай тазылардың жанынан жұрт бір елі кетер емес. Қолөнерін паш етіп отырғандар да баршылық. Торсық, қалқан, қамшының бәрі таза теріден тігілген.
Асхат Бозымбай, шебер:
- Бұл сәндік қамшылар. Көбіне әйел адамдар ұстаған, еліктің тұяғымен. Сәндікке, той-томалаққа барғанда ұстап жүрген. Ал мынау, тобылғы дойыл қамшы дегеннің бір түрі осы. Үлкен, жуан тобылғыдан істелінеді.
Тойшыл қауымның қай-қайсысы да Наурыз бен ел егемендігінің байланысы барын айтады. Мейрамның Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монументтің жанында өтіп жатқаны да сондықтан болар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!