Өскеменде мыңнан астам адам байланыс аясынан тыс жерде өмір сүріп жатыр
Самсоновка ауылында онымен қоса интернет те атымен жоқ. Балаларының электронды күнделіктегі бағаны да ата-ана көре алмайды. Ал ең қиыны жедел-жәрдем шақыру. Бір ғана мұнара орнатумен шешілетін мәселені аймақтың басшылары бір-біріне сілтеп созбалаңға салып келеді.
26.03.2019
Әлеуметтік желіге кірмейтін, Байзакова мен Шырындарды білмейтін ауылдар бізде әлі бар. Интернетті айтпағанда ұялы байланыстың өзі Шығыс Қазақстандағы Самсоновка ауылында жоқ. Елдімекен тұрғындары «санды Қазақстан» туралы естігенде не қуанарымызды, не жыларымызды білмейміз дейді.
Төлеужан Есен:
- Бізде жүзден астам оқушы бар. Балаларға интернет керек. Менің балам интернет үшін қалаға барады. Мектепке барады, ағасыныкіне барады. Бірдеме тауып әкеледі.
Виктор Павленко:
- Зейнеткерлерге қиын. Ауырып қалсақ жедел-жәрдем шақырта алмай қиналамыз. Дамыған елдегі дамымай қалған біздің ғана ауыл сияқты.
Ольга Погорелова:
- Әкімімен кездесуге де бардық. Уәдені үйіп төгеді. Бірақ бәрі орындалмай қалады. Енді мұнара орнататын орынды біздің мойынымызға асып қоймақшы. Біздің мәселені шеше алмаса не үшін әкім болып отыр.
Басы ауырып балтыры сыздағандар жедел-жәрдем шақыру үшін ауыл маңындағы трассаға жүгіреді екен. Бағы болса бір өшіп бір қосылған байланыспен көмекке шақыруға болады. Бәрінен де балаларға қиын. Электронды күнделіктегі бағаны ата-анасы көрмейді. Ал интернет арқылы орындауға берілген үй тапсырмасы сол күйі қалады.
Валера Сосновский:
- Терезенің жақтауына отырып аламыз. Бірақ одан да пайда болмайды. Хабарлама жіберу үшін толқын қуалап жүреміз.
Шенеуніктердің құр уәдесінен шаршаған ауыл тұрғындары мәселені өздері шешпек болып ірі компанияларға хабарласқан. Олар көмектесуге келісіпті, бірақ мұнара орнататын жер табыңдар депті. Оған әкімдіктің рұқсаты керек. Ал ақ жағалылар бұл жолы да созбалаңға салып отыр. Айтуларынша, өзен жағасына құрылыс жүргізуге тиым салынған.
Әлібек Тұрсынбетов, Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Өскемен қаласының әкімдігі бұл мәселе туралы біледі. Сондықтан жақын арада бұл мәселені қарастырып шешімін табады. Сондықтан Самсоновка тұрғындарының байланыс мәселесін шешіуе тырысады.
Шешеді, біледі, табадыдан басқа жарытып ештеңе айтпаған әкімдік өкілдерінің мұнара оранататын жер бөліп беретініне халық күманмен қарап отыр. Олар баланысты жақсартамыз деп жүріп тас жол бойында ғана бар байланыстан да айырылып қалмасақ болғаны дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!