Павлодар облысында ауруханаға түскен оқушының үстіне кереует құлады
Емделемін деп барып, мертігіп қалды! Павлодар облысында бүйрегі ауырып, ауруханаға түскен оқушы сол жерде қолын сындырған. 13 жастағы жеткіншектің қолына аурухана дәлізінде тұрған кереует құлапты. Осы үшін Екібастұздағы емдеу мекемесінің үш бірдей қызметкері қатаң сөгіс алған. Бірақ баланың ата-анасы бұл тым жеңіл жаза деп санайды.
Автор: Әйгерім Шакаманова
26.03.2019
Олеся Кутякованың үлкен ұлы осыдан бір апта бұрын Екібастұздағы ауруханаға жатқызылған. Бүйрегі ауырып мазасызданған жеткіншекке дәрігерлер «пиелонефрит» диагнозын койыпты. Осыған байланысты ем-дом қабылдап жатқан бала жарақат бөлімінен бір-ақ шыққан. Сөйтсе, оның үстіне темір кереует құлапты.
Олеся Кутякова, тұрғын:
- Кереуетттер тиісті жерде емес, балалар жүретін дәлізде тұрған. Ақыры баламның үстіне құлап кетіп, оның қолы сынған. Ұлымның орнында кез-келген кішкентай бала болуы мүмкін еді ғой.Түскі уақытта болған оқиғаны маған кеш батқанда ғана естіртті.
Ақхалаттылар сол сәтте ауруханаға келген баланың әжесіне бәрін жеткізіпті. Оның рұқсатымен қолын жарақаттап алған Викторға тиісті көмек жасап, гипс салып берген. Демікпемен ауыратын оқушының өзі бұл жайттан шошып қалғанын айтады. Ал ақхалаттылар оны жұбатудың орнына, өзін кінәлаған көрінеді.
Виктор Логойский:
- Қолыңды жарақаттаған өзің, бұл сенің кінәң» деп маған хирург дәрігер ұрысты. Кейін наркоз беріп, қолыма гипс салып берді.Үш сағаттай айығып жаттым. Өзімді нашар сезініп, жанымда жатқан адамның есімін он рет сұраппын.
Ал ақхалаттылар осы маусымда балалар бөліміне науқастардың көптеп түсіп жатқанын айтады. Сол жеткіншектердің бойы мен салмағының әртүрлі болуына байланысты палаталардағы кереуеттерді жиі ауыстыруға тура келеді екен. Бұл жайт дәл осындай шара кезінде болған. Бірақ дәрігерлер түп-түзу тұрған кереуеттің өздігінен құламағанына сенімді.
Светлана Подзорова, Екібастұз қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Бұл баланың өте тынымсыз екенін байқадық. Мұны осында баласымен жатқан ата-аналар да айтқан болатын. Шетте тұрған кереуеттерге ойнап жүріп тиіп кетуі мүмкін. Қауіпсіздік ережесінің бұзылғанын мойындаймыз. Осыған байланысты бөлімшеде болған жауапты үш қызметкер қатаң сөгіс алды.
Ал оң қолы сынған оқушының өзі қазір сабаққа бармай, үйінде ем-дом қабылдап жатыр. Ата-анасы болса, сөгіс алған дәрігерлер тым жеңіл жазамен құтылды деп санайды. Сондықтан прокуратураға арыз жазып, олардан сот арқылы моральдық шығын өндіріп алуға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!