«Жекеге берілмесін»: Ақтөбеде балабақша тәрбиешілері облыс әкімінен араша сұрады
Ақтөбеде облыс әкімінің сөзіне алдандық деген балабақша тәрбиешілері мен ата-аналар шу шығарды. Өйткені мектепке дейінгі білім беретін үш бірдей мекемені шенеуніктер жекенің қолына берген. Ал осыдан екі апта бұрын аймақ басшысы Оңдасын Оразалин өңірдегі әлеуметтік нысандардың ешбірі жекенің қолына өтпейді деп жар салған болатын.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.03.2019
«Әкім өтірік айтқан ба?» Жекеге өткен балабақшаға таң атысымен бөбегін әкелген ата-ананың да, тәрбиешілердің де қоятын сауалы осы. Өйткені олар мемлекеттік мекеменің бизнесмендерге берілгенін бес күндік демалыстан соң бір-ақ білген.
Ардақ Симонова, балабақша тәрбиешісі:
- «Тоқтатылды» дегенде наурызымызды қарсы алып, қуанып едік. Енді бүгін тағы бұл мәселе көтеріліп отыр. Бізге ешкім келіп түсіндірмеді. Кездеспеді.
Жекеге өткендер қатарында Ясный ауылындағы жалғыз балабақша мен облыс бойынша гимназия статусына ие жалғыз мектепке дейінгі мекеме де бар. Осыған дейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин әлеуметтік нысандардың барлығы жекеге өтпейді деп жар салған болатын. Бұл тыйымның үш балабақшаны айналып өткеніне меңгерушілер де таң қалып отыр.
Рима Кулетова, «Көркем» балабақшасының меңгерушісі:
- Облыс әкімінің тоқтатылсын деген сөзі неге ұзаққа бармады? Біздің бір түйір ғана балабақшамыз неге сенімгерлік басқаруға кетеді? Сондықтан облыс әкімінің сөзін естігенде қуанып едік. Енді күмән көп.
Балабақшаның сенімхатпен бизнесмендерге берілуіне ата-аналар да қарсы.
Гүлнар Хабуова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Олар сапаға емес, санға жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер балаларды толтырады. Екіншіден қаражат жағынан да қазір он мың төлесек, олар 35 мыңға көтереді.
Ал шенеуніктер үш балабақшаның облыс әкімі тыйымына ілікпей қалғанын айтады. Өйткені шешім шыққанға дейін кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырып үлгерген.
Жұлдыз Шалабаева, Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
- Әкімнің тапсырмасын біз орындап тұрмыз. 11 балабақшаның үшеуін ғана заң аясында құжаттар толтырып кеткеннен кейін біз қалған сегіз балабақшаны сенімгерлікке бермеу үшін тоқтаттық.
Осы күнге дейін оннан астам мемлекеттік балабақша жекенің қолына өткен. Ең қызығы былтыр қаржы министрлігінен бастап, облыстық білім басқармасына дейін қалалық әкімдікке мектепке дейінгі мекемелерді бизнесмендерге беруді тоқтату туралы бұйырыпты. Бірақ оған мән берген ешкім болмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!