{metadescription}
Алматы облысында ауыз судан тарыққан жұрт наразылық білдірді
Алматы облысында ауыз судан тарыққан жұрт наразылық білдірді

Алматы облысында ауыз судан тарыққан жұрт наразылық білдірді

Ауыз судан тарыққан ауыл. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ащыбұлақ ауылында ауыз су тапшы. Мұнда 500 түтін бар. Елдімекендегі жұрт жер астынан келетін тіршілік нәрі үшін кезекке тұрады. Оның өзі бәріне жетпейді. Аңқасы кепкен тұрғындар суды көршілес ауылдан да тасып жүр.

Таудың етегінде орналасқан Ащыбұлақтағы жұртқа ауыз су алтыннан да қымбат. Мұнда пошта маңында адам қарасы үзілмейді. Мына бөшкеден аққан су елдімекендегі тіршіліктің жалғыз қайнары. Жасы да, жасамысы да осындағы кезекте тұр. Нағыз жанталас. Су бір мезгіл ғана беріледі. Бұғанасы бекімеген балаларға дейін су тасумен әлек.

Әбіш Сіләм, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:

- Қызыл қырғын су үшін. Бөшкедегі су түгеліп қалады. Бір уағында тартпайды, біресе жарықтың пұлы төленбеді дейді. Біресе моторы күйіп кетті дейді.

Соңғы 15 жылдан бері қысы-жазы қайталанатын көрініс көпті мезі еткен. Ащыбұлақ тұрғындары «Ай сайын суға не үшін ақы төлейміз?» деп ашулы. Жан басына бекітілген тариф - 200 теңге. Су мүлдем берілмеген күні іргедегі «Қазақстан» ауылына ағылады. Оның өзінде көлігі барлар үшін қолжетімді.

Тұрсын Сәттібаева, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:

- Алматыңның өзінде 1 адамға қанша төлейді өзі? Ал осы жерде 200 теңгеден. 200 теңге деген ауылдық жерде масқара ғой.

Ауылдағы су қоймасы 1970 жылы салынған. 500 текше метр резервуарды толтыру қиын. Тіршілік нәрі құрылғы арқылы жердің астынан тартылады. Оны күні бойы қосса тұрғындардың қалтасына күш түседі. Электр қуатының шығыны көбейеді екен. Онсыз да жарты сағатқа берілген судың ақшасын төлеу қиынға соғып отыр. Жақында кезекті рет ескі насос күйіп, аңқасы кепкен ащыбұлақтықтар тағы қиналды. Түсірілім тобының келетінін естіп, әкім орнынан қозғалды дейді тұрғындар.

Нұргүл Жолымбекова, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:

- Соңғы 2 күннен бері су келгені осы. Оның өзінде КТК келеді дегенді естіп су берді.

Таза ауыз судың азабын тартқан жұрт ел қатарлы Наурыз көже пісіре алмадық деп базынасын айтты. Округке жауапты әкімнің сөзінше, ауыл тұрғындарының біразы суға қарыз. Елдімекендегі бас тоғанды қоршау және жердің астынан су тартатын насостарды жөндеуге 8 млн-дай қаражат жұмсалған.

Марат Сүгірбеков, Қазақстан ауылдық округінің әкімі:

- Сол жөнделген насоспен су беріліп тұр. Сынған насостың бөлшектерін алып келуге көп уақыт өтті. Табылмады. Соның салдарынан 1 апта су беру мүмкіндігі болмады.

Жекенің қолында болған су тоғаны «Шелек су құбырының» қарамағына өткен. Мекеме ауылдағы су жүйесін жаңалау үшін аудандық және облыстық басқарламаларға ұсыныс жасаумен шектеліп отыр.

Ащыбұлақ ауылындағы су құбырларын қайта жаңғырту үшін жобалық сметалық құжат әзірленуі тиіс. Осы мақсатта 4 млн теңгедей бөлінген екен. Алайда мемлекеттік конкурс кезінде заңсыздықтар анықталып, қазынадан бөлінген ақша кері қайтарылған. Яғни, сол күйі игерілмеген. Сондықтан ауыл әкімі тағы да жоғарыға өтініш жазып отыр. Алайда қағаз жүзіндегі жобаның нақты қашан жүзеге асатынын ешкім дөп басып айта алмайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.