Автобус апатынан зардап шеккен келіншек аяғынан айрылды
13-і әлі ауруханада жатыр, үшеуінің хәлі ауыр. Кеше Нұрсұлтан қаласында үш автобус соғысқан ірі жол апатынан жарақаттанғандардың өмірі үшін дәрігерлер арпалысып жатыр. Жарақаттың ауырлығынан бір әйел аяғынан айрылды.
Автор: Ербол Тұрымбет
27.03.2019
Иван Ли, №2 қалалық аурухананың бас дәрігері:
- Бұл науқастардың әрқайсысына күрделі ота жасалды. Бірінің іш құрылысына ота жасалып, қан тоқтатылса, екіншісінің аяғын кесіп тастадық. Әкелген кезде оң аяғының тізеден төмен бөлігі қатты езіліп кеткен екен. Сақтап қалу мүмкін болмады.
Қала әкімі Бақыт Сұлтанов пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін таң атпастан қиын жағдайда жатқан науқастар хәлін білуге барды. Әрқайсысын жеке аралап, есін біліп жатқандарға бар жағдай жасалатынын айтып жүр. Дәрігерлер енді хәлі мүшкіл үшінші адамның аяғын аман алып қалуға тырысып жатыр. Сүйегі мыжылып қалған екен. Жалпы, кешелі бері науқастарға 5 ота жасалған. Елордадағы ірі жол апаты кеше таңертең сағат 9-дар шамасында болған еді. Қабанбай батыр даңғылымен жүйткіп келген №303-бағыттағы автобус сол бетімен тоқтамастан Ұлы Дала даңғылымен қиылыста қызыл бағдаршамда тұрған автобустың артынан соқты. Одан жалпы саны 36 адам зардап шекті. Тоқтай алмаған автобустың 53 жастағы жүргізушісі мен соның ішінде болған 26 жастағы жалғызбасты келіншек сол мезетте қайтыс болды. Осы оқиғаға тап болған Филиппиндік әйелдің іш құрылысында қан кету жағдайы анықталыпты. Жақын күндері ота жасалады, өміріне еш қауіп жоқ дейді мамандар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!