Ауыл тұрғындарының тұрмысын түзейтін бағдарлама әлі әзірленбеген
Бір құжат неге жарты жыл мақұлданады? Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлттық экономика министрінің орынбасарына сын айтты. Өткен жылы ауыл тұрғындарының тұрмысын түзейтін «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы әзірленуі тиіс еді. Ол үшін бюджеттен 90 млрд теңге бөлініп те қойған. Алайда қыс өтіп, көктем шыққанына қарамастан, жауапты министрлік ауқымды бағдарламаны әлі әзірлемеген.
Автор: Әсел Тұмашқызы
27.03.2019
Ермек Алпысов, Ұлттық экономика вице-министрі:
- Биыл құны 30 млрд теңге болатын 500 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Келер жылдан бастап, аймақтардың мәселесін шешетін боламыз. Ал, осы аптада мемлекеттік қызметтерді тіркеп, бағдарламаны әзірлейміз.
Сасқан үйрек артымен жүзедінің керін киген шенеунік бұдан артық жауап таппады. Ол бағдарламаны әзірлеу үшін тағы бір апта беруін сұрады. Ал Мәжіліс спикері қажетті қаржы бөлгізіп, бюджетпен бекіттіріп алып, шаруаны шеше алмаған шенеуніктің сылтауын қабылдаған жоқ. Қазан айында берілген тапсырманы әлі күнге тындырмаған вице-министр сынның астында қалды. Ал төраға жарты жыл өтсе де бас-аяғы жоқ бағдарламаны жеті күнде бітіреміз деген атқамінерге күмәнмен қарады.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:
- Жауапсыздық! Мұның бәрі жауапкершіліктің жоқтығынан. 2018 жылдың қазанында тапсырылды. 2019 жылдың 3 айы өтті. Ал, сіз апта соңына дейін жасаймыз дейсіз. Сонда жарты жыл жетпеді ме? Қазір өңірлерде тендер жүріп, шаруа қызуы тиіс болатын. Осы жұмада бағдарлама дайын болсын!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!