Нұрсұлтан қаласының іргесіндегі ауылдарды қызыл су басып жатыр
Күн күрт жылынғандықтан еріген қар суы, әсіресе, Қаражар ауылына лап қойған. 6 мың тұрғыны бар елді мекенде құтқарушылар топан суды сорып жатқанымен, оның деңгейі басылар емес. Ал, атқамінерлер болса, үйлерді су басуына тұрғындардың өздерін кінәлап отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
27.03.2019
- Көрген күніміз осы! Қашанға дейін жүреміз батып?!
Қызыл суға батып жүрген Нұрсұлтан қаласынан небары 15 шақырым жердегі Қаражар ауылының тұрғындары. Үш күннен бері еріген қар суымен осылай алысып әлек. Топан су жолдарды көлшікке айналдырып, аулаларды басып жатыр.
Алма Бөкішова, Қаражар ауылының тұрғыны:
- Барлық Қаражар ауылындағы үйді су басып жатыр десем өтірік айтпаймын. Халық куә. Барлық жер осындай теңіз болып жатыр. Жылда алдайды. 10 жылдан бері уәдесінде тұрмаған әкім ақымақ па? Әлде халық ақымақ па? Су келеді, жарық келеді, жол болады деп алдап келеді.
Иә, 6 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда жөнді жол жоқ. Сондықтан сумен қоса, айналаның бәрі ми батпақ. Резеңке етіксіз жүру мүмкін емес. Ал, ондай аяқ-киімі жоқтарды ауылдастары осылай арқалап тасып жүр. Айтуларынша, төтенше жағдай қызметі бірнеше күннен соң ғана зорға келіпті.
Құтқарушылар суды сорып жатқанымен бұдан әзірге нәтиже болмай тұр. Өйткені, көріп тұрғандай, қызыл судың деңгейі басылар емес, керісінше көтеріліп жатқандай. Сондықтан ауыл ішімен адам түгілі, жеңіл көліктер жүре алмай қалған.
Ал, тәуекел етіп, жолға шыққандары қызыл судың ортасында осылай қаңтарылып қалған.
- Жолдың қайда екенін білмей шетке шығып кеттім байқамай. Шетінде арық қазылған шұңқыр. Жазда су өткізгенбіз.
Ал, оқиға орнында жүрген атқамінерлер тым жайбарақат. Тіпті, ауылды су басып, үйлерге жайылуына тұрғындардың өздерін кінәлап отыр.
Тасмұрат Қатқадамов, Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің орынбасары:
- Адамдар үйді салған кезде дұрыстап салу керек қой. Минимум 60 сантиметр фундамент болуы керек. Дұрыс қой? Бізде жер тегіс емес қой. Егер ойлы жерде болса үйлерді аздап су басады әрине.
Осылай деген әкім орынбасары топан суды бүгін-ертең сорып бітіреміз дейді. Әрі жер кепкен бойда жолға қиыршық тас төсеп, табиғи апаттың алдын алуға уәде берді. Бірақ, жылда батпаққа батып отырған жұрт бұған күмәнмен қарап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!