Жамбыл облысында пойыз апатына кінәлілерге қатысты үкім шықты
Шу аудандық сотының шешімімен «темір жол қауіпсіздігі қағидаларын бұзды» деп айыпталған Шу жол дистанция басшысының орынбасары 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылса, 2-ші учаскенің басшысы мен орынбасары екі жылдан жаза арқалады.
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.03.2019
Ернар Жаманқұлов, судья:
-Бұл үкім бойынша олардың кінәлары, тағылған айып бойынша өз дәлелін толық тапты. Себебі іс бойынша жинақталған айыптау тарапынан ұсынған дәлелдемелеріне сай айыптары дәлелін тапты.
Сот процесі 4 айға созылған. Жалпы саны 700 адамнан жауап алынып, 25 заңды және жеке тұлға жәбірленуші деп танылған. Бірақ зардап шегушілердің тек екеуінің ғана өтініші қанағаттандырылған. Апаттан көз жұмған 12 жастағы жасөспірімнің туыстарына сотталушылар моральдық және материалдық шығын есебінде 3 жарым млн.теңге беретін болды. Ал аяғын жарақаттаған екінші жәбірленушіге «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы 500 мың теңге төлеуге міндеттелді. Сотталушылар болса сот үкімімен келіспей отыр. Олар өздерін кінәсізбіз дейді. Сондықтан апелляциялық шағым түсірмек. Еске салсақ, былтыр 17-ші маусымда Астана-Алматы жолаушылар пойызы Шу ауданында апатқа ұшыраған еді. 8 вагон жолдан шығып кетіп, 3 вагон аударылды. Оқыс оқиға салдарынан 12 жастағы жасөспірім қаза тауып, 11 жолаушы жарақат алған. Осы іс бойынша тексеріс жүргізген мамандар рельстердің айнығанын анықтапты. Енді өз ісіне немқұрайлы қарады деген айппен шойын жол күтіміне жауапты үш адам жазаланып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!