{metadescription}
Қаламқас кен орнындағы өртті үш күн бойы өшіре алмай жатыр
Қаламқас кен орнындағы өртті үш күн бойы өшіре алмай жатыр

Қаламқас кен орнындағы өртті үш күн бойы өшіре алмай жатыр

Батпақтан техникалар сол маңға жете алар емес. Атыраудан да қосымша техника алдырған. Қазір соны қызыл жалын шарпыған жерге жеткізу үшін жол салынуда. Ал экологтар мың шаршы метр жерге жайылып үлгерген өрттен жергілікті халыққа еш қауіп жоқ деп сендірді.

Қаламқастағы қызыл жалынның бой бермей жатқанына бүгін үшінші күн. Алапат өрт бірнеше шақырым жерден көрінеді. Өртті сөндіру үшін көршілес Атырау облысынан техника алдыртқан. Оны жеті құтқарушы түнделетіп жеткізіпті. Секундына 300 литрлік су бүркетін көлік жер астынан атқылап жатқан сулы газды басып тастауға тиімді екен. Құтқарушылар қолда бар техниканың өзін өрт шыққан кен орнына жеткізе алмай отырғанын айтады. Біріншіден облыс орталығынан қашық болса, екіншіден баратын жол жоқ. Енді жолдағы балшықты тазартып әбігерге түсіп жатыр.

Манарбек Мұхамбетов, Маңғыстау облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Жанып жатқан жердің қашықтығы жұмысты қиныдатып отыр. Жол балшық. Баратын жер де қашық.

Ұңғымадағы өрт осыдан екі апта бұрын техногендік газдың жиналуы себепті су-газ қоспасы атқылаған жерде алдыңғы күні тұтанған болатын. Бұрғылау алаңының айналасындағы мұндай бұрқақтардың саны оннан астам. Олардың барлығы да ұңғымалардың біріне ауа кетуі себепті пайда болған көрінеді. Мамандар оларды жер қыртысына арнайы ерітінділерді жіберу арқылы сөндірмек болғанымен, одан нәтиже шықпады. Энергетика министрі апатқа ұңғыма аузының дұрыстап бітелмеуі себеп болуы мүмкін дегенді айтқан еді. Бірақ мұнай компаниясының басшылары басқаша пікірде.

Жақып Марабаев, «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрғасының орынбасары:

- Бұл кен орнының ерекшелігі сонда – мұндай жағдай жиі болып тұрады. Ал қазіргі міндет – қауіпсіздік техникасының сақталып, адамдардың зардап шекпеуін қамтамасыз ету. Өздеріңіз көріп отырсыздар ғой, қоршаған ортаға келетін зиянды барынша азайту үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз.

Әйтеуір, өрттен адамдар зардап шеккен жоқ. Оның қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіргенін қазір арнайы құрылған комиссия анықтауға кірісіп кетті. Экологтардың айтуынша, кен орнына ең жақын елді мекен –  Қаламқастан 70 шақырым қашықтықта. Сондай-ақ, олар Каспий теңізіне де зиянды қалдықтар жетпейді деген пікірде.

Кирилл Осин, «Эко-Маңғыстау» қоғамдық ұйымының жетекшісі:

- Өрт болған кен орны елді мекеннен қашық болғандықтан тұрғындарға еш қауіп жоқ. Сонымен қатар, Каспий теңізі де ол жерден алыс. Газды су жете алмайды. Негізінен улы газ тарағаннан гөрі оның өртенгеніжақсы болды. Газ тараса тұрғындарға залал тигізетін еді.

Қазір Қаламқастағы өртке қатысты арнайы штаб құрылған. Ең алдымен алапат жалынды сөндіріп, кейін оттың шығу себебін анықтайтын болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде