Семей тұрғындары қаңғыбас ит-мысықтарды асырайтын орталықты жабуды талап етті
Семейде саяжай тұрғындары жергілікті биліктен қаңғыбас ит-мысықтарды асырайтын орталықты жабуын талап етуде. Жұрттың айтуынша, мысықтар қамалмай көше кезіп жүргендіктен жұқпалы дерт тарауы мүмкін. Оның үстіне, іргесіндегі тұрғындар, иттердің үруі тыныштығымызды бұзды дейді. Бірақ, олар қанша шағымданғанымен атқамінерлер міз бақпады деп өкпелі.
Автор: Ұлан Нұрахмет
28.03.2019
Иесіз хайуанаттарды бағатын орталықта мысықтарды қоспағанда, 40 ит жиналған. Жан-жақтан шыққан олардың арпылаған дауысынан төңірегенідегі жұрт әбден мезі болдық дейді. Оның үстіне, жаздың жайдарлы күні сасыған жағымсыз иіс қолқаны қабады. Соның кесірінен, саяжай тұрғындары жұқпалы дерт тарай ма деп алаңдаулы.
- Ішіне кірсен неше түрлі ит бар. Аяғы, көзі жоқ. Ауру иттерді ұстап отыр.
Осылайша зарқаққан жұрт жергілікті билікке шағым түсірген. Олар атқамінерлерден қаңғыбас ит-мысықтарды асырайтын орталықты дереу жабыуын талап етіп отыр. Себебі, заңға сәйкес мұндай орталықтар тұрғын үйлерден шамамен бір шақырым қашықтықта орналасуы керек екен. Әйтсе де, белсенділер мұндағы ит-мысықтың барлығы ауруларға қарсы егілгенін айтады. Тіпті, әрқайсының басында медициналық төлқұжаты бар.Сондықтан дүрліккен жұртты сабырға шақырып әлек.
Альмира Сұлтанғалиева, Белсенді:
- Біз ол жерді алғанда төңірегінде көршілер болмаған. Олар жер телімін сатып алып үй салған сәтте бәріне ескерткенбіз. Енді, орталықты жауып тастау мүмкін емес. Себебі, ешкімнің көмегінсіз жер телімін несиеге алып өз еңбегімізбен аштық. Ал, әкімдіктен елді мекеннен алыс көшіруге жер сұрасақ, бергілері келмейді.
Ал, тұрғындардың атқамінерлерге артқан сенімі көкке ұшқандай. Өйткені, олардың өзі шарасыз күйде. Айтуларынша, түскен арыз негізінде тексеру жүргізбек түгелі, орталықтың есігінен аттай алмаған.
Қуанышбек Құсайынов, Семей қаласының ветеринария бөлімінің бас маманы:
- Алайда, осы уақытқа дейін тексеру мүмкін болмады. Өйткені, қожайын қандай да бір құжатқа қол қоюдан бас тартты біріншіден. Ал, екіншіден ауласына кіргізбей отыр.
Сондай-ақ, мамандар орталықтың ветеринария бөлімінде заң жүзінде тіркелмегенін айтады. Қазіргі уақытта, олар тексеруге бөгет жасағандардың үстінен әкімшілік сотқа шағым түсірген екен. Алайда, заңгерлерден кеңес алған белсенділер тексеріс жұмысын жүргізуге мүмкіндік берсек те, бермесек те өз еркімізде дейді. Ал, орталықты жабу мәселесі осы тексерістен кейін белгілі болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!