Соңғы 10 жылда МИ-8 тікұшағы 6 мәрте апатқа ұшыраған
Осындау оқиғалардан 26 адам қаза тауыпты. Ал талай адамның өмірін жалмаған апат себептерін тексерген мамандар көпшілігін ауа райының қолайсыздығынан болды деп ұйғарым жасаған. Тек біреуінде ғана кінәлі табылды. Оның өзі апатта өлген ұшақ командирі болып шықты. Әскерилерден бастап, азаматтық қорғанысқа дейін қолданатын мақтаулы техникадан ғана кінәрат табылмапты.
Автор: Аруна Ортай
28.03.2019
Әуе қорғанысында өте ыңғайлы саналатын Ми-8 тікұшағы талай ананың етегін жасқа толтырған. Мәселен, ең көп адам шығыны болған Өгем шатқалындағы оқиға. Бортында 13 адамы бар әскери тікұшақ 2009-шы жылдың қыркүйегінде құлап, 10 шекарашы қаза тапқан. Олар Қазақстан аумағына өткен бір топ өзбекстандық қылмыскерді ұстамақ болған. Сайдың тасындай іріктелген жігіттердің өліміне ақыр соңында сайдан соққан жел кінәлі боп шықты.
Есжан Сыбанбаев, Шымкент гарнизоны әскери прокурорының орынбасары: /29-наурыз, 2010/
- Мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша тікұшақтың ешқандай ақауы болмаған. Ұшқыштар барлық ережеге сай қонуды жүзеге асырмақ болған. Бірақ, сайдағы желдің ағыстары қатты болатыны ескерілмеген.
10 адамның қазасы бойынша қозғалған қылмыстық іс ақыры тоқтатылып тынды. Араға жыл салмай жатып, мамандар шаң жуытпаған МИ-8 тағы 8 адамның өмірін жалмады. Ол кезде төтенше жағдай қызметкерлері опат болды. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қыста жолда қалғандарға көмек көрсету үшін шұғыл ұшқандардың сүйегі Мақаншы ауылының маңынан табылды. 3 экипаж мүшесі мен 2 дәрігер, бір науқас, сондай-ақ екі бірдей ауылдық округтің әкімдері өлген апаттың себебі біразға дейін анықталмады.
Владимир Власов, ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары: /12-наурыз, 2010/
- Тікұшақ жерден үлкен биіктікте, әуеде жарылды деуге негіз бар. Өйткені оның сынықтары 800 метр радиустан табылды. Сондықтан мұндай жағдайда адамдардың тірі қалуы мүмкін емес.
Апат орнын тексерген мамандар ақыры тікұшақтың құлауына ауа райының қолайсыздығы себеп деп тапты. Дегенмен, осы оқиғаның ізінше сол жылдардағы үкімет басшысы Кәрім Мәсімов іле-шала МИ-8 тікұшақтарын тексеруді тапсырды.
Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі: /16-наурыз, 2010/
- Барлық облыстардағы ұшақтардың санын анықтап, ескісін жаңартып, қажет жағдайда жедел көмек көрсететін күйге келтіру керек.
Арада екі жылдан соң Атырауда тағы бір МИ-8 апатқа ұшырады. Бортында 6 адам болған. Абырой болғанда, алтауын да періштесі қағып, аман қалды. Бірақ апат себебі сол күйі анықталмады. Десе де, 7 ай өтер, өтпестен Алматы облысында келесі жантүршігерлік оқиға болды. Мұнай құбырларын әуеден барлауға шыққан МИ-8 апатқа ұшырап, бортындағы 8 адамның бәрі көз жұмды. Ал қайғылы оқиғаның себебін анықтауға 2 жыл уақыт кетті. Апатты тексерген комиссия ұзақ ойланып, ақыры тікұшақ командирін кінәлі қылып шығарды. Одан соң Ми-8 2016 жылы Қызылордада, 2017-де Ақтөбеде құлады. Адам шығыны болмады, апат себебі де айтылмады. Дегенмен, талай апатқа қарамастан, МИ-8-ге қызығушылық артып, тіпті оны елде құрастыру ұсынылды.
Бейбіт Атамқұлов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: /14-мамыр, 2018/
- Біз Алматы авиажөндеу зауытында Ми-8 ұшақтарын құрастыруды бастайын деп отырмыз. Биыл соның бірінші кезеңіне кірісеміз. Ол тек қорғаныс қана емес, ауыл шаруашылығы саласында да өте қажет техника екенін көрсеткен ұшақ.
Бірақ көп ұзамай МИ-8-ді құрастыру туралы бастама көтерген министр де, министрлік те өзгеріп кетті. Ал дәл осы маркадағы тікұшақтың неге құлай беретіні әлі жұмбақ күйінде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!