Қорғаныс министрлігі Ми-8 тікұшақтарының ұшуына тыйым салды
Ал, Бас әскери прокуратура дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнында жүрген Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев осы ұшырылымды жүзеге асыруға қатысы бар командирлердің де жұмысын тексеруді бұйырды.
Автор: Әсел Тұмашқызы
28.03.2019
Қайғылы оқиғаға нақты не себеп болғаны жайында айтуға әлі ерте. Өйткені алдымен қара жәшік табылып, экипаж мүшелерінің жазбасы саралануы тиіс.
Дегенмен, ұшқыш-ғарышкер әрі сенатор Талғат Мұсабаев қолайсыз күн райы экипаж жұмысына кесірін тигізуі мүмкін деп отыр. Сан мәрте көкке көтерілген ол авиацияда экипаждың ырқына көнбейтін жағдайлар көп болатынын жасырмады.
Талғат Мұсабаев, Сенат депутаты:
- Экипаж мүшелерінің қолдан келгенді жасағаны анық. Бірақ техниканың аты – техника. Авиация оңай көлік түрі емес. Оған қоса, кешегідей қолайсыз ауа райында 4 тікұшақтың тізбектеліп қатар ұшуы экипаж мүшелерінің бір-бірімен ақпарат алмасып отыруына қолайлы болуы керек еді.
Жалағаш өңіріндегі әуе апатының Есілдің сол жағалауындағыларды дүр сілкіндіргені анық. Мәселен, Қорғаныс министрі бүгін апаттың себеп-салдары анықталғанша Ми-8 тікұшақтарының ұшуына уақытша тыйым салды. Сонымен қатар қарулы күштердегі барлық әуе техникасы тексерілмек.
Нұрлан Ермекбаев, Қорғаныс министрі:
- Болашақта осындай оқиғаларға жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Қорғаныс министрлігінің ұжымы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады. Қаза тапқан қызметшілер өздерінің әскери борышын адал орындады.
Ал, еліміздің бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов тергеу барысын өз бақылауына алды. Қазір «Ұшу ережесін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!