Көкшетау тұрғындары көпір құрылысының басталмай қалғанына наразылық білдірді
Көпір керек! Көкшетау іргесіндегі Заречный, Елікті ауылдарының 1 мыңға жуық тұрғыны биыл көпір құрылысының басталмай қалғанына наразылық білдірді. Олар су қоймасына барып құятын Шағалалы өзені үстінен 370 миллион теңгеге көлік өтетін көпір салынады дегенде бөріктерін аспанға лақтырып, сүйінші сұрасқан. Бірақ, құрылыс басталар емес. Наразы жұрттың сөзінше, бюджеттен қаражат әлі бөлінбеген екен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
29.03.2019
Аяқ жетпес арал деп тұрғандары Көкшетаудан небәрі 15 шақырым жердегі Заречный мен Елікті ауылдары. Мұндағы жұрт жол тауқыметін көріп отырғалы біраз жыл болған. Әйтеуір, әупірімдеп өтіп жүргендері мына аспалы көпір. Оның өзі соңғы жылдары теңселіп тұрады екен. Әсіресе, өзен мұзы түгел еріп су көтерілгенде жандарын шүберекке түйіп, жаяулап әрең өтеді.
Бұл көпірдің өзі қайықпен ерсілі қарсылы өтіп жүріп, бірнеше адам суға кеткеннен кейін тұрғызылған. Бірақ, осы уақытқа дейін Зеренді ауданы әкімдігінің балансында да жоқ екен. Көпір аударылып кетсе де, ешкім жауап бермейді деген сөз бұл. Тақтайлары шіри бастаған, аспалы көпірдің астынан өткізген темір тұрбаның өзі майысыпты.
Тұрғындарды дәл осы көпір тас жолға шығарады. Қысы жазы жаяулап жалпылап жүретіндері де сондықтан. Көлік көпірі салынса облыс орталығы іргесіндегі ауылдардың барлық проблемасы шешілер еді, - дейді олар.
Табылды Тезекбаев, Заречный ауылының тұрғыны:
- Мына көпірдің жоқтығынан 30 шақырымдағы Зерендіге 75 шақырым жол жүріп барамыз. 3 шақырымда тұрған жерімізге егін егетін Көкшетау арқылы 40 шақырым жүріп барамыз. Тракторды полицейлер тоқтатады. Жазғытұрым жүргізбейді техниканы, айыппұл салады.
Жұрттың бұлай айғайлап көшеге шығуына себеп мына көпір жобасы салынған плакат. Оны өткен жылы әкімдер қоғамдық тыңдау өткізгенде, алматылық жобалаушылар халыққа сыйлап кеткен. Қуанған тұрғындар жоба суретін тіпті ауыл дүкеніне іліп қойып, құрылыстың басталуын күткен. Бірақ, әлі тым тырыс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!