Арканың жөнделуіне бөлінетін 600 миллион теңге қалай жұмсалады?
Аркаға 600 миллион теңге керек. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі бас қаланың көрікті нысандарының бірі – триумфалды арканы қайтадан күрделі жөндеуден өткізбекші. Сырты әдемі көрінетін нысанның айналасы адам көргісіз болып кеткен.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.03.2019
Мейрамбай Оралов, Нұр-Сұлтан қалалық тарихи-мәдени мұра нысандарын және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекция директоры:
- Жағдайы қашып тұр. Емін-еркін қарап шығуға мүмкіндік жоқ. Астына су ағып, жан-жағы кедір-бұдыр. Бұл қаламыздың көрікті нысандарының бірі болғандықтан, туристер көп келеді. Оларға ескерткіш біздікі, астыңғы бөлігі бізге қарамайды деп қалай айтасың?!
Триумфалды арканың ажарын қашырып тұрған жаңбыр мен еріген қар суы екен. Мына баспалдақпен астыңғы бөлігіне қарай толассыз ағады. Одан қалды, жертөлесінде төбесінен де су сорғалап, астында аздап көлшік пайда болады. Өйткені, асфальт пен арканың аумағы бірігетін жер дұрыс бекітілмеген. Төбесі дұрыс жабылмаған. Қысылғанда кіріп-шығатын әжетханасы алыста, 200 метрдей жерде тұр. Сондықтан әкімдік өкілдері айналасы мен астыңғы бөлігін қопарып, түгел қайта жасап шығу керек деп отыр. 600 миллион теңге соған керек.
Нұрлан Нұркенов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:
- 600 миллион теңге тек жөндеуге ғана жұмсалмайды. Ол ақшаны инвесторлардан аламыз. Сосын арканың жерасты өткелін жөндеп, ол жерде сауда-саттық орындарын ашып, бизнесті тартамыз. Осы жұмыстардың бәрі сол ақшаның ішіне кіреді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!