Үстіне жүз келі қақпа құлаған бала өлім аузында жатыр
Ойыннан от шықты! Павлодар облысында 12 жасар оқушыны салмағы 100 келіден асатын футбол қақпасы басып қалды. Басы жарылып, миы шайкалған жеткіншектің өмірін сақтап қалу үшін қазір дәрігерлер барын салуда.
Автор: Әйгерім Шакаманова
29.03.2019
Оқиға болған мына футбол алаңының есігі қазір құлыптаулы тұр . Ал оқушының үстіне құлаган ауыр қақпа сол күйі жатыр. Бас сүйегі жарылып, миы шайкалған жеткіншектің өзі жансақтау бөлімінде ем-дом қабылдауда. Ал оқиғаға куә болған өзге балалар оның қақпа темірінен ұстап, тербелгенін айтады.
Жұмыста болған анасына 12 жасар ұлының үстіне футбол қақпасының құлағанын жиені хабарлаған.
Наталья Солдатова, анасы:
- Ұлым достарыммен футбол ойнауға барайыншы деп сұранатын.Біраздан соң жиенім оны ауруханаға алып кеткенін айтып хабарласты. Осы алаңдағы зілдей қақпа үстіне құлапты. Сап-сау, жалғыз балам қазір хәл үстінде жатыр.
Елдімекендегі мектепке қарама-қарсы жолда орналасқан алаңның апаттық жағдайда екенін ұстаздар да мойындап отыр. Сондықтан жөндеу жүргізілмейінше есікке құлып салып жүріпті. Бірақ, оны әлдебіреулер ылғи бұзып кетеді екен.
Анар Бейсекеева, мектеп директорының орынбасары:
- Мына сеткалардың бәрі ашық болды. Қолымыздан келгенше жауып та тырыстық. Дегенмен, баланың аты бала, бәрібір кіріп шығады. Енді осындай ауыр жағдай болып қалды.
6 жыл бұрын тұрғызылған футбол алаңы бұған дейін аудандық қаржы бөлімінің балансында болған. Кейін ауыл мектебіне беріліпті. Ал оқушының үстіне құлаган салмағы жүз келіден асатын қақпа еш жерге бекітілмей бос тұрған.
Марат Мұстафин, Павлодар облыстық балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері:
- Бас сүйегіндегі көптеген жарақаттарға байланысты шұғыл ота жасалды. Жасанды тыныс алу аппаратына қосқан едік. Қазір өзі тыныс алып жатыр. Бірақ, баланың жағдайы әлі де ауыр.
Бас сүйегі сынған Кирилдің бет-аузыныңда да сау жері қалмапты. Ата-анасы болса, әзірге ешқайда, ешкімнің үстінен шағым түсірмеген. Тек ұлының амандығын тілеп отыр. Ал апатты ойын алаңын жөндеуге биыл 5 миллион теңге бөлініпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!