Апатқа ұшыраған Ми-8 30 жыл бұрын құрастырылған
Ал Ақтау мен Талдықорғандағы әскери бөліміндегілер бүгіннен бастап аза тұтуда. Өйткені соңғы сапарға Ақтаудағы №30153 әскери бөлімінен аттанған 13 жауынгердің 12-сі осында қызмет етіпті. Олардың 6-уы 2 жарым ай бұрын ғана Талдықорғаннан ауысып барған. Осы тұста опат болған жауынгерлер мінген Ми-8-дің тарихы туралы да деректер шықты. Ол 1988 жылы шығарылып, 30 жылдан аса әуе қорғанысы күштерінде пайдаланылған екен.
Автор: Әсем Қабылбек
29.03.2019
Бүгін Ақтау гарнизонындағы №30153 әскери бөлімі қаза тапқан жолдастарымен қоштасты. Мұндағылар апатқа қолайсыз ауа райы себеп болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығарады. 30 жылдан аса қолданыста болса да тікұшақта ешқандай техникалық ақау болмаған дейді олар.
Сергей Оливко, командирдің инженерлік-қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары:
- Борт нөмірі 28 Ми-8 МТ тікұшағы 1988 жылы Қазан авиация зауытында шығарылған. 2014 жылы Алматыда жөндеуден өткізілген. Өте мықты тікұшақ. Ақау шықса дер кезінде қалпына келтіреміз. Мұндай іссапарға біз ең мықтыларын іріктеп аламыз. Барлығы білікті және жауапкершіліг жоғары маман еді.
Қызылорда облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан 13 сарбаздың 6-уы Алматы облысындағы №21 751 әскери бөлімшесінде қызмет етіп осы жылдың қаңтарында ауысқан екен. Бейбіт күндегі жауынгерлердің мезгілсіз қазасы әуе қорғаныс күшне жауапты әріптестерін есеңгіретіп тастады. Себебі, марқұмдардың алды мұнда 4-5 жыл қызмет еткен екен.
Әскери штабтың дәлізінде әуе апатынан қаза тапқан жауынгерлердің суреті қойылған. 2 жарым ай бұрын осы бөлімшеден Ақтауға ауыстырылған еді.
Асқар Ізбасов, №21751 әскери бөлімінің командирі:
- Мұнда қызметте болған әскерилер өз міндетіне адал болды. Олар еліміздің тыныштығы жолында аянған жоқ. Бәріміз талай рет оқу жаттығу жиындарында бірге ұштық. Қазір апатқа қатысты бірдеңе деу қиын. Мысалы, ұшқыш Тимур өте тәжірибелі болатын. Мен үшін орны толмас қайғы. Ең өкініштісі жігіттердің артында балалары жетім қалды.
Біреуі ұшқыш, қалғандары келісім-шарт бойынша әуе қорғаныс күштерінде 5 жылдан аса қызмет еткен. Қатарластары ефрейтор Асхат Абдулманатты өз ісіне тиянақты. Соңынан ерген жас сарбаздарға ағалық қамқорлық көрсететін деп еске алады. Соңғы рет телефон арқылы 22 наурызда сөйлесіпті.
Руслан Құрманғалиев, ефрейтор:
- Әбділманат Асхатпен 2016 жылдан бастап қызмет еттім. Өзіме ағам секілді қамқорлығына алды. Әскери өмірдің бәріне үйретті.
Самғат Сәкенов, кіші сержант:
- Мирасты, Қуанышты, Айдынды да танитынмын. Олар өте жақсы жігіттер болатын. Ақкөңіл қарапайым кісі болатын. Жұмыс істеп жатқанда жүгіріп келіп қолұшын беретін.
Әзірге, әуе техникасының не себепті құлағаны белгісіз. Айта кетейік, «Алтын жебе» оқу-жаттығу кезінде Ақтаудан Шымкентке бет алған 4 әуе техникасының біреуі діттеген жеріне жетпей қалған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!