Алматыда атышулы барахолканың саудагерлері бас көтерді
«Арлан» базарында жұмыс істейтін олар, базар басшылығының ескертуді тым қысқа уақытта айтқандарына наразылық білдіруде. Қожайындар ескі базарды сүріп орнына басқасын салмақшы екен. Ал саудагерлер енді ғана жұмысы жүрген мекенді тастап кеткісі келмей отыр.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
01.04.2019
Бірнеше жыл бұрын өртке оранған базарлардың саудагерлері Арлан маңына орныққанына 5 жылға жуық уақыт өткен. Несиеге 9 мың доллардан бастап контейнерлер сатып алған кәсіпкерлер, сауданың соңғы екі жылда ғана жақсы жүре бастағандығын айтып отыр. Алайда, заманауй сауда орынын ашуды жоспарлаған базар әкімшілігі, 1 сәуірден бастап үш қатардың кәсіпкерлеріне басқа орынға ауысуларын ескертіпті. Бірақ, жаңа мекенге тұтынушылар бас сұқпайды дейді саудагерлер.
Қалдықыз Рысалиева, Арлан базарының саудагері:
- «Арланның» артынан жаңа орын берді. Бірақ, ол жақта адам жүрмейді.
Еркін Құрманәлі, Арлан базарының саудагері:
- Негізі бұл халықтың талабы бізге бір жыл уақыт берсін. Баратын жеріміз жоқ. Әкім келді, әкім халықпен жақын болуы керек. Әкім теріс бұрылып кетті. Ешкім мынау заманауй үйге қарсы болып отырған жоқ. Уақыт берсін, көшеміз!
Қолына құжаттарын ұстағандар бір жыл уақыт берілсе, басқа орын тауып, тауарларын орнықтыруға да мүмкін екен. Ал, базар әкімшілігі саудагерлерді ешқайда қуып жатпағандығын айтуда. Уақытша орын беріп, кейін жаңа сауда орталығына орналастыру жоспарларында бар. Үш жүз метр жерге кейін шегінгеннен, саудагерлердің жұмысы тоқтап қалады деген сөз емес дейді.
Дәурен Қазатаев, Арлан базарының әкімшілік қызметкері:
- Бізге қойылған талап бойынша жұмысты алға бастыруымыз керек. Сауда жүріп жатыр. «Арлан-2» деген базарымыз бар. Ол жерде де сауда жақсы жүріп жатыр.
Бұндай шарт саудагерлерді қанағаттандырып отырған жоқ. Себебі, базардың құрылысы 2020 жылы басталуы керек болған. Арқаны кеңге салған кәсіпкерлер, енді не істерлерін білмей дал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!