ШҚО-да тасқынға шыдамаған бір үй құлап қалды
Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Бесқарағай ауданында көтерілген жер асты суы толастайтын емес. Соның салдарынан қызыл судың астында қалған баспаналар мен аулалардың жалпы саны 80-ге жетті. Қазір қабырғалары қақыраған үйлердің біреуі құлап та қалған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
01.04.2019
Бүгінде көтерілген жер асты суының беті қайтар түрі жоқ. Соның салдарынан төңірегіндегі баспаналар қызылсудың ортасында тұр. Тіпті, оған үйлердің кейбіреуі шыдас бермей құлай бастаған.
Баспанасы құлағандардың бірі - Мария Храмова. 74 жастағы әжей мұнда 40 жылдан бері тұрып келген. Алайда соңғы үш жыл қатарынан үйін су басыпты. Ақыры сазбалшықтан тұрғызылған қабырға көктемгі селге шыдамаған. Енді тентіреп қалдым деп отыр.
Мария Храмова, Бесқарағай ауылының тұрғыны:
- Мен сол күні үйде болғанмын. Далаға шығып қайта кірсем бір жақ қабырғам құлап жатыр. Қатты қорқып қалдым. Үйім қайта қалпына келтіруге жарамайды. Кім көмектеседі?
Тұрғындардың айтуынша, аудан атқамінерлері өтемақы ретінде көк тиын төленбейді деген көрінеді. Жаңа баспанаға қол жеткізу үшін, оларды ел қатарлы үй кезегіне тұруға міндеттепті. Бірақ кезектің келмесіне сенімді тұрғындар шенеуніктердің бұл әрекетін түсінбей дал.
Талғат Жүнісов, Бесқарағай ауылының тұрғыны:
- Менің үйімді сарапшылар апатты деп таныса, сол қағазбен халыққа қызмет көрсету орталығына барып кезекке тұруым керек. Ал, онда тіркелетіндей Бесқарағайда үй салып жатыр ма? Біз ол үйді неше жыл күтеміз?
Дегенмен, аудан əкімі ешкімді далаға қалдырмаймыз деп ақталып əлек. Оның айтуынша, баспанасы тұруға жарамсыз болған тұрғындарға облыстық қазынадан қаржы қарасырылуы мүмкін. Ал бүлінген үйлердің нақты саны əзірге белгісіз.
Дәулет Батырбаев, Бесқарағай ауданының әкімі:
- Үйді апатты деп тану үшін тұрғындар бірінші тәуелсіз сарапшыларға өздері жүгінуі керек. Сол қорытындыға сәйкес, қайта жөндеуге ақша бөлуді және апатты деп танылған үй мәселесін шешуді қарастырамыз. Ал қора-қопсыларға өтемақы төлеу заң бойынша қарастырылмаған.
Қазір тасқын шайған аумақтардан 111 мың текше метрден аса су сорылыпты. Мұнда қосымша көмекке Семейден 25 құтқарушы келді. Олар жергілікті мамандармен бірге көл жағасын бекітуге кіріскен. Ал баспанасы суда қалған 10 отбасындағы 33 адам жатақханаға көшірілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!