{metadescription}
Қаза тапқан әскерилер мемлекеттік наградаға ұсынылмақ
Қаза тапқан әскерилер мемлекеттік наградаға ұсынылмақ

Қаза тапқан әскерилер мемлекеттік наградаға ұсынылмақ

Ми-8 тікұшағының апаты салдарынан қаза тапқан 13 әскеридің тоғызының денесі жер қойнына тапсырылды. Қаралы жиынға қатысқан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бейбіт күнде қаза тапқан әскерилерге мемориал тұрғызылып, олардың мемлекеттік наградаға ұсынылатынын айтты. Сондай-ақ, марқұмдардың туыстарына жан-жақты көмек көрсетілмек.

Ал бір аптаға жуық сараптама жүргізілген 4 сарбаздың сүйегі туыстарына бүгін жеткізілмек. Олармен қоштасу рәсімі ертең болады. 

Алматы облысында қаралы жиын бір минут үнсіздіктен басталды. Ми-8 тікұшағының құлауынан 8 бірдей жауынгерінен көз жазып қалған жетісулықтардың орталық алаңда қарасы көп. Бірақ бұл жолы олар тек төрт сарбазды ақтық сапарға шығарып салды. Талдықорғанда жұрт ефрейтор Айдын Әбділдинов және Мирас Жұматаевпен қоштасты. Мирастың жасы 28-де, үйінің кенжесі, үйленбеген. Ал Айдынның артында екі қызы мен жесірі қалды.

Сондай-ақ, Талғарда майор Тимур Құдайбердиевті, Кербұлақ ауданында Аслан Айтбаевты жер қойнына тапсырды. Талдықорғанға арнайы келген қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев марқұмдардың туыстарына барлық көмек көрсетілетінін және оның әдеттегідей бір реттік болып қалмауын өзі қадағалайтынын айтты. Сарбаздарға ескерткіш мемариал орнатылмақ.

Нұрлан Ермекбаев, Қорғаныс министрі:

- Қызметтестеріміз өз әскери борышын адал орындағанын ескере отырып, олар мемлекеттік наградаға ұсынылады. Біздің қызметтестеріміз, олардың жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Жатқан жерлері жайлы, жандары жәннатта, топырақтары торқа болсын.

Алматы облысының әкімдігі марқұмдардың туыстарына 1 миллион теңгеден бөледі. Сарбаздарды жерлеу рәсімі жексенбі күні еліміздің төрт бірдей облысында қатар жүргізілді. Шымкентте жеті баланың әкесі, майор Сабыр Тоқбаевты жерлесе, ақтөбеліктер майор Данияр Қоңырбаев пен ефрейтер Өмірхан Қауқабаевты соңғы сапарға шығарып салды. Екеуінің соңында бір-бірден бала қалды. Оралдық Сырым Масалим мен керекулік Роман Костыгов та жерленді. Роман апатқа ұшыраған Ми-8-дің командирі.

Алексей Кейль, ұшқыш:

- Ұшу шараларын сапалы атқарып жүрген тәжірибелі ұшқыштардың бірі еді. Жас мамандарға да өз білгенін үйретіп жүретін. 1200 сағат әуеде болған екінші дәрежелі ұшқыш. Өз ісініе үлкен жауапкершілікпен қарайтын.

Бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған апаттан марқұм болғандардың төртеуінің денесі әлі жерленген жоқ. Бір аптаға жуық геномдық сараптама жүргізген мамандар олардың сүйегін туыстарына бүгін түнде жеткіземіз деп отыр. Табыттар таңға дейін келсе, батырлармен қоштасу рәсімі ертең өтеді. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде