Алматыда «Арман картасы» атты туындының тұсаукесері өтті
Мотивациялық картина жастарға арналған. Өскелең буынды қиындыққа қарамастан мақсатқа жетуге баулиды. Фильм режиссері Мирас Төлеуханов. Ол көпшілікке «Ілмек» картинасы арқылы таныс.
Автор: Әсем Қабылбек
02.04.2019
«Арман картасы» кез келген адамды алға жетелейтін мотивациялық туынды. Әмір бүгінгі қоғамдағы жастардың прототипі. Фильмнің сценарийі 2 жыл жазылған. Режиссер Мирас Төлеухановтың сөзінше, фильмнің тәрбиелік мәні зор. Достық, махаббат пен сатқындық жайлы хикая толықтай Алматыда түсірілген.
Мирас Төлеуханов, фильмнің режиссері:
- Кейбір жастардың ұнжырғасы түсіп кетті. Кейбіреулері депрессияға түсіп жатыр. Кейбіреулері өз-өздерін өмірден таба алмай жүр ғой. Жалпы өмірді көрсетеміз.
Басты рөлдегі бай жігітті актер Тимур Камилов сомдайды. Әкесі мансап пен табыстан айырылып, сотталады. Ерке әрі шолжаң Әмірдің өмірдегі арпалысы осылайша басталады. Олигархтың ұлына қолдау көрсеткендер мен аяқтан шалғандар аз емес. Әрқайсынан сабақ алады.
Фарема Қазақпаева, актриса:
- Мен басты рөлдегі жігіттің өгей шешесімін. Ол алғашында маған қарсы болады. Әкесі байлықтан айырылып, сотталған соң бір-бірімізге демеу боламыз.
Алнұр Жұматаева, актриса:
- Әу баста басқа жобаға қатысам дегем. «Арман картасына» актриса іздеп жатқанын естіп бірден Алматыға келдім. Камиланың рөлі өмірде маған мүлдем кереғар. Ауылдан шыққан қыз. Байлыққа құмар.
«Арман картасының» басты ұраны - «Мақсат болса, құрал табылады». Ал, ізденіс түбі жетістік. Ең бастысы - сол жолда өз күшіңе сену маңызды. Су жаңа туынды 4 сәуірден бастап еліміздегі барлық кинотеатрларынан көрсетіле бастайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!