Тұрғымбаев көлік ұрыларынан қалай қорғану керектігін айтты
Көлікті бейнекамерасы бар жерге қою керек. Бүгін Ішкі Істер министрі жүргізушілерге осындай кеңес берді. Тіпті еліміздің бас полицейі ұрыларға жем болмау үшін машинаға дабыл қондырғысын орнату қажеттігін де айтты. Яғни ол «сақтансаң, сақтайды» дегенге келтіріп тұр.
Автор: Досжан Маратұлы
02.04.2019
Бірақ қулығына құрық бойламайтын баукеспелер бұдан айналып өтудің жолын әлдеқашан тауып алған. Үш күн бұрын жүзуден олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасының қолды болуы ұрлық-қарлық тыйылмай отырғанын тағы көрсетті. Бірақ құны 400 мың теңгеге бағаланатын «Toyota Land Cruiser»-дің айнасын үптеп кеткен сұғанақты полицейлер небары бір тәуліктен астам уақыттың ішінде қолға түсірді. Ішкі Істер министрі тәртіп сақшыларының бұлай жедел әрекет етуіне Баландиннің олимпиада чемпионы болуының еш қатысы жоқ дейді. Әрі еліміздің бас полицейі тағы бір атақты спортшының темір тұлпарына ұрылардың қол салуын кездейсоқ сәйкестік деп отыр.
Ерлан Тұрғымбаев, Ішкі істер министрі:
- Баландиннің көлігінің айнасы Денис Тен өлтірілген жерге жақын жерде ұрлануы жәй ғана сәйкестік сияқты. Оның үстіне бұл – қаланың қақ ортасы. Ол жерде ұрылар көп жүреді. Бірақ қауіпсіздікті барынша күшейтіп жатырмыз. Мәселен, Алматы қазірдің өзінде 80 пайыз камерамен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткіземіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!