Семейде бір отбасының екі баласы ыстан уланып көз жұмды
Жергілікті өрт сөндірушілердің айтуынша, анасы екі ұлын сырттан құлыптап емханаға кеткен. Балалар үйдегі сіріңкемен ойнап, содан төсекке от тиген көрінеді. Ал пәтерден шыққан түтінді көрген көршілері құтқарушыларды шақырғанымен, балақайлардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
02.04.2019
Қыршынынан қиылғандардың 29 жастағы анасы үшінші балаға жүкті. Сондықтан ол емханаға қаралу үшін 7 және 4 жастағы екі ұлын сыртынан құлыптап кеткен. Ал әкесі Нұр-Сұлтан қаласында құрылыста жұмыс істеп жүр. Сол сәтте жалғыз қалған кішкентай Александр мен Эдуард, үйден сіріңке тауып алып, тұтатып ойнаса керек. Ақыры, шоқ төсекке түсіп бықсыған. Қою түтінді көрген көршілері бірден өрт сөндірушілерді шақыртқан. Өкінішке қарай, олар қос баланы құтқара алмады. Көршілері болса, балақайлардың үнемі қараусыз қалатынын айтады.
Виктор Баданов, көршісі:
- Балалар кішкентай. Осы жерде ойнап жүретін. Анасы көп үйде болмайтын. Қашан көрсең, кетіп бара жатады. Не үйіне келе жатады. Сонда балаларды жалғыз тастап кететін.
7 жастағы үлкен ұл әлі мектеп табалдырығын аттамаған. Жергілікті құзырлы орындар бұл отбасында тәртіп пен санитарлық талап тасада қалғандықтан, бір перзентін балалар үйіне өткізіпті. Бірақ бір айдан кейін анасынан қолхат алып, қайтарып берген.
Айдар Садырбаев, ШҚО Ішкі саясат бөлім басшысының орынбасары:
- Білім мекемесінің қадағалауында болуы керек болатын. Қазір тексеріс жүргіземіз. Бұған дейін айтарлықтай қадағалауда болды деп айтуға келмейді.
Тексеріс жүргізу үшін Өскеменнен сарапшылар шақыртылды. Балалардың нақты қандай жағдайда қаза болғанын солар анықтамақ. Ал, қос ұлынан айырылған жүкті әйелмен психологтар жұмыс жүргізуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!