Қайнаған сумен балаға клизма жасаған дәрігерлер жұмысынан шеттетілді
Шымкентте дәрігерлер 10 айлық баланы қайнаған сумен клизма жасап, күйдіріп қойды. Наурыздың соңында жұқпалы аурулар ауруханасына іші қатып түскен баланың тік ішегіне жылы судың орнына медбикелер клизма арқылы ыстық суды жіберген. Содан бері шақалақ тосқанда тік ішегінен қан ағып, шырылдап жатыр.
Автор: Бек Әбиев
02.04.2019
Нұрислам Тасболат үлкен дәретке отырған сайын осылай шыңғырады. 10 айлық бала түні бойы ұйықтай алмай, әр қимылы жанына батады. Іші қатып жұқпалы аурулар ауруханасына түскен оған медбикелер наурыздың 28-іне жылы сумен клизма қоюдың орына қайнап тұрған су айдап жіберген. Баланың жан дауысы шығып, күйіп қалған құйрығы қызарып ісіп шыға келіпті. Тік ішегі күйген баламен жансақтау бөлімінде алты күннен бері анасы жатыр.
Ерболат Сәменов, Нұрисламның әкесі:
- Әйелім аяғына ыстық су тамып кеткен кезде білген. Бала үлкен дәретке отырған. Баланың ішінен шыққан су, содан күйген. Қан шығып жатыр. Үлкен, кіші дәретке отырса қиналады.
Дәрігерлер күйдірген соң да кінәсін бірден мойындағысы келмей, ем осылай жүргізіледі деп сендіргісі келіпті. Тек баланың халі нашарлап, ал ата-анасы шу шығарған соң ғана аяқтарынан тік тұрып жұмыс істей бастаған.
Ғалымжан Әбішев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а:
- Тазалау клизмасын тағайындаған. Оны орындаған медбике судың температурасын өлшемеген. Содан баланы термиялық күйік шалған. Қазіргі уақытта балада 1-ші және 2-ші дәрежелі термиялық күйік байқалады.
Шымкенттік медицина басшыларының сөзінше баланың жақындарына қорқатын дәнеңе де жоқ. Күйік шалған терісі, ары кетсе, жарты айда қалпына келеді деп отыр. Тек бұл дауды енді министр де естіп отыр.
Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі:
- Қоғамдық денсаулық комитетінің төрағасына Жандарбек Мұхтарұлы Бекшинге мен тапсырма бердім. Бұл бойынша арнайы тексеріс болады. Мейірбике жұмыс тәртібін бұзса жауапкершілікке тартылады.. Мен бұл жағайды өзімнің бақылауымда ұстаймын.
Осы жағдайдан кейін жұқпалы аурулар ауруханасының екі мейірбикесі мен аға медбикесі тергеу аяқталғанша жұмыстан шеттетілді. Жәбір көрген ұлдың әкесі де полицияға тек бүгін шағым түсіріпті. Сондықтан ішкі істер органдары да тергеу жұмыстарын бастады. Ал 10 айлық Нұрислам өзін күйдірген ауруханадан бүгін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!