Кәріз қалдықтарын таситын көлік жүргізушілері наразылық білдірді
Алматыда кәріз қалдықтарын таситын көлік жүргізушілері жаңа коллектор аумағында қоқыс төгуге қарсы. Себебі, онда қызмет құны бірден 4 есе қымбаттамақ. Жер үйлердің кәрізін тазалайтындар баға өссе, табыстан қағыламыз деп алаңдаулы. Ал нәжіс төгетін орынды жабдықтайтын кәсіпкердің өз жоспары бар.
Автор: Әсем Қабылбек
03.04.2019
Ассенизаторлық қызмет көрсететін мына көліктің иелері тендерді ұтқан жаңа басшының талабымен келіскісі жоқ. Олардың пікірінше, тариф бағасы өссе күнделікті табыстан қағылып, шығынға батамыз дейді. Өйткені ассенизаторлық қызметке жүгінетіндердің дені мүгедектер мен зейнеткерлер екен.
Түрксіб ауданында жұмысы қызып жататын кәріз коллекторының аумағында қарақұрым адам. Барлығы көліктерін қаңтарып өз талабын жеткізу үшін жиналған. Айтуларынша, көлік иелері әр тапсырыстан 3,5-4 мың теңге алады. Енді кәріз суын төгетін орынға әр кірген сайын 300-500 теңге төлеуі тиіс. Жер үйлердегі тұрмыстық қалдықтарды жинап, қаладан тыс аумаққа төгумен айналысатындардың бірі - Абат Нағатаев. Нәпақасын осы істен ажыратып, 4 баласын асырап отыр.
Абат Нағатаев, көлік жүргізушісі:
- Он жылдан бері 29 теңге тарифпен 3 куб 100 теңге есебінде төлеп жүрдік. Ал енді әр куб 200 теңге болады. Бір машинаға 600 теңге төлеу керек дейді. Бір машинаға 3,5 мың теңге алып келсем қазір 1000 теңге соляркаға берем. Оның үстіне жол, экологияң бар.
Жаңа талапқа сәйкес, әр көлік жүргізушісі қалдық төгетін орынның шешімін орындауы тиіс. Енді бұрынғы баға болмайды дейді ондағылар.
Серік Шағыров, «Алматы су» мекемесінің ресми өкілі:
- 25 теңге 92 тиын. Ол тек қана мынау құйылған қалдықтың өлшемі бойынша тариф. Соны ғана аламыз. Бірақ заңнамаға сәйкес санитарлық нормаларға сәйкес осындай бекеттердің бәрінде дұрыс болып, анау су құю керек. Жұмыскер болу керек осыны қарайтын. Тазартатын.
Былтыр Алматы бойынша жаңа кәріз коллекторы 4 ауданда ашылған. Ассенизаторлық қызметті үйлестіруге бір адам жауапты. Тендерді 3 жылға ұтқан кәсіпкер, жаңа коллектордың иесі Қайсар Ибрайымовтың айтуынша, су жаңа құрылғы санитарлық және экологиялық талапқа сай. Оны әкімдік Польшадан алдырған. Ендігі жоспар - кәріз қалдығын қабылдайтын орынды абаттандыру. Жарық тартылып, асфальт төселеді және көлік жууға арналған орын ашылмақ.
Қайсар Ибрайымов, жеке кәсіпкер:
- Салығымыз бар. Жұмысшылардың жалақысы бар. Үкіметке төлейтін ақшамыз бар. Соның бәрін есептеп біз 57 теңгеден бағаны қоямыз деген ойдамыз.
Яғни кәсіпкердің сөзінен ұққанымыз: қатып қалған баға жоқ. Егер жұрттан тапсырыс көбейсе қалдықтың әр текше метріне есептелетін баға өзгеруі мүмкін. Қазір шаһар бойынша кәріз қалдығына бекітілген қымбат тариф Алатау және Наурызбай батыр аудандарында. Мұнда бір текше метрдің құны - 200 теңге.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!