Атырауда бюджеттің миллиондарына салынған жол жарамсыз болып қалды
Атырау облысында қазынаның миллиондаған теңгесіне салынған жаяу жүргіншілер жолы жарамсыз болып қалды. Индер кентінің ішіне жаяу жүргіншілерге арналып төселген төсемтастың қазір тұрғындар үшін пайдасынан зияны көп. Өйткені, күннің суығында төселгендіктен олар бір-бірінен ажырап, ойлы-қырлы болып, жүріп-тұруға қиындық келтіріп тұр.
Автор: Жанар Низамутдинова
03.04.2019
Индер кентіндегі негізгі бірнеше көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жұмысына қаржы республикалық қазынадан бөлінген. Бұған қажетті ақша жазда бөлінгенімен, ол тек қарашада басталды. Оған әуелі мердігер компанияның екі ай бойы таңдалуы, кейін құрылысқа қажетті материалдардың дер кезінде жеткізілмеуі себеп. Таңдаған тазға жолығады демекші, қатаң іріктеуден өткен мердігер жұмысты оңдырып жасамаған дейді тұрғындар.
Ғизатолла Әбдіғалиев, Индер кентінің тұрғыны:
- Қыстың кезінде адам тротуар сала ма? Кілең сары топырақ төсеген де үстінен жайлап тасты қоя берген. Әр жерде ойылып-ойылып жатыр.
Жаяу жүргіншілерге арналған мына жол осыдан үш жыл бұрын желтоқсан айында төселген.Қыста жасалған жұмыс нәтижесінің көктем шыға осылай болған жайы бар. Ресми мәлімет бұл жұмыстарға 114 миллион теңге бөлінген дейді. Жергілікті әкімдік жауапты компанияны сотқа бергенімен, не себепті екені белгісіз, сот шешімді мердігердің пайдасына шығарыпты.
Жергілікті басшыларға сенсек, олар қыста жасалған құрылыс жұмыстарының сапасыз шығатынын білгенімен, бөлінген қаржыны кері қайтармас үшін осындай қадамға барыпты. Енді мердігер компанияның берген кепілдігі биыл жыл соңында ғана аяқталады. Алайда одан енді пайда болмайтын секілді. Сондықтан бүлінген жерлерді жөндеуге әкімдік өзі кіріспек.
Абзал Рамазанов, Индер аудандық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жүйелі түрде бұл жұмыс жүргізіледі ғой. Қаржыны жергілікті бюджет есебінен қарастырамыз.
Бір қызығы, жұмысын жөнді атқармаған қарағандылық мердігер компанияны ауданаралық экономикалық сотқа беріп, жеңіліп қалса да кент әкімдігі оның шешіміне қайта шағымдануды жөн көрмепті. Тіпті ол компанияның заты түгіл, атын да естерінен шығарған. Ал осыдан бірнеше ай бұрын ауысқан аудан билігі желге ұшқан қыруар қаржыны қайтаруға әрекеттене ме, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!