Петропавл тұрғындары форум қарсаңында тұрғызылған қоршаулардан құтыла алмай отыр
Петропавл тұрғындары жарты жыл бұрын тұрғызылған қоршауларды алып тастауды талап етіп отыр. Саяси маңызы бар ірі жиынға байланысты ескі үйлерді көрсетпеу мақсатында бой көтерген биік дуалдар сол күйі қалып қойған. Бұл қалада былтырғы күзде Ресеймен арадағы шекаралас аймақтардың форумы өткен еді. Осы айтулы шараның алдында бар жігерімен қаланы әсемдеуге тырысқан шенеуніктер енді дуалдарды бұзуға асығар емес.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
03.04.2019
Жарты жыл бұрын қаланың қақ ортасында орналасқан үйлерге арнайы бригада келіп, биік темір дуалдар орнатқан. Көзге жұпыны көрінетін ескі қадалар тасада қалып, тұрғындар екі қоршаумен өмір сүруде. Есік алдынан басқа ештеңені көрмейтін жұртшылық ақ жағалылардың әрекетіне наразылық тудырып отыр.
Михаил Кошелев, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Сіздер бізді неліктен жабайы жануарлардай көшеден қоршап отырсыздар? Биік қоршау тұрғыздыңыздар, ал біз көшені мүлде көрмейміз. Қаланың ортасы болғандықтан қонақтар осы жолмен жүреді деді. Сонда біздің үйлеріміз қирап немесе қисайып қалған ба?
Сол уақытта дереу арада іске кіріскен шенеуніктер абдыраған халыққа ескі үйлердің қала сәнін бұзып тұрғандығын ашық түсіндірген. Алайда мемлекет басшылары жиналған саммит қараша айында өткенімен, көшеге көз тігу қалың жұртшылыққа әлі күнге дейін мүмкін болмай отыр екен.
Сапар Сүлейменов, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Саммит өткеннен кейін, ұнамаса өздеріңіз алып тастауларыңызға болады деді. Бірақ менің қолымда ешқандай қағаз жүзіндегі рұқсат болмағандықтан, қалай алып тастаймын. Қазір сүруді бастасам, мемлекеттік мүлікке нұқсан келтірдің деп айыппұл салады.
Биік қоршаудың тасасында қалған қаладағы жарты ғасыр бұрын тұрғызылған 7 ағаш үйдің апатты деп танылғанына көп уақыт болды. Бірақ ол әлі бұзылатын емес. Өйткені бұл жерге жаңа баспана салуға рұқсат бермей отыр екен. Ал, бірнеше ай бойы тым болмаса қоршауды алып тастау туралы өтінішін әкімдікке жолдаған тұрғындар, жақында ғана дуалдардың алынбайтыны және оған тиісуге болмайтыны жөнінде ақ жағалылардың жауабын алған.
Әсем Айтулова, Петропавл қаласы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Қаланы абаттандыру аясында қоршаулар әзірге алынбайды. Сондай-ақ, мемлекеттік мүлік болғандықтан, тұрғындар да өз беттерімен бұза алмайды.
Билік өкілдерінен мардымды жауап ала алмаған тұрғындарға, терезеден сұр қоршауды тамашалаудан басқа амалдары жоқ. Алған жауаптарына қанағаттанбаған жұртшылық жақында әкімшілікке тағы да бас сұққан. Алайда әкімнің қабылдауына үлгермеген екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!