«Кеңсайдың» жанынан жаңа зират ашылуына тұрғындар қарсылық білдірді
Алматыда «Кеңсайдың» жанынан жаңа зират ашылуына тұрғындар қарсылық білдірді. Әзірге «Думан» деп аталатын қорымның қоршауы ауламызға тиіп тұр деген жұрт экологиялық және санитарлық талаптардың да сақталмағанын айтады. Бірақ жолы төселіп, жарығы қойылған жаңа зиратта биыл жерлеуге рұқсат берілуі мүмкін. Ал жергілікті әкімдік өкілдері бұл аумақ өзге мақсатта қолдануға қолайсыз болғандықтан қорым ашу оңтайлы жер деп отыр....
Автор: Мақсат Мәлік
03.04.2019
span>
Дүрліккен «Думан» ықшамауданының тұрғындары көрінісі керемет беткейдің сейіл құратын табиғат аясы болғанын айтады. Еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін өрге шығып, таза ауамен тыныстайтынбыз дейді олар. Алайда бұл аймақ аяқ астынан қоршауға алынып, кейін қалалық зират ашу көзделгені анықталады. Тұрғындардың мұндай шешіммен еш келіскісі жоқ.
Әбіл Терлікбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Табиғаттың өзі беріп тұрған Көктөбе. Осы жерде болашақта балаларымыз демалу керек қой. Оның орнына бейіт салу Қазақстан үшін ұят.
Ғазиз Жанқазақов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Егер халық үндемесе осы жақтан бастап жерлей берейік деп отыр. Халыққа пысқырғандары бар ма? Ал қоршаудың жанында су қоймасы тұр. Сол су қоймасының жанынан адамдарды жерлемекші. Бұл не деген сұмдық?
Жасыл қыраттың келесі беткейі жұрт білетін «Кеңсай» бейітімен жалғасқан. Тұрғындар үйдің жанынан қорым салу экологиялық және санитарлық талапқа сай келмейді деп есептейді. Бірақ жергілікті әкімдіктегілер жобаның заң шеңберінде жүргізілгенін айтты. Ал зират аумағына 92 гектар жер берілген.
Ернат Бәзіл, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары:
- Адамдарды жерлейтін жерлері 92 гектардың 24-26 гектары. Адамдарды жерлеуіне қалады. Бұл қоршау біріншіден эстетикалық, екіншіден одан адам, мал өтіп кетпес үшін қоршадық. Қоршаудан бастап 300 метр, яғни күзет аймағынан кейін ғана жерлеу басталады.
Алматының маңында бос жер қалмағанын алға тартқан шенеуніктер, жаңа зираттың орны туралы шешім оңтайлы деп отыр. Себебі, бұл аумақ өзге мақсатта қолдануға әсте жарамайды екен.
Əкімдіктегілердің айтуынша, жаңа қорымға 343 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға жол жасалып, жарық қойылған жəне 92 гектар жер түгелдей қоршалған. Жылдың соңында жерлеуге рұқсат берілуі де мүмкін. Бірақ тұрғындар уақыт өте көлемі үлкейетін қорымның іргемізге жетпесіне еш кепілдік жоқ дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!