Ұрлығы камераға түсіп қалды
Алматыда тал түсте ломбардқа қарақшылық шаубыл жасаған азамат ұсталды. Полицейлердің айтуынша, күдікті қас-қағым сәтте шамамен 95 миллион теңге тонап кеткен. Шығын көлемі әлі де анықталып жатыр.
Автор: Мақсат Мәлік
05.04.2019
Қара түсті киім киіп, қара көзілдірік таққан қарақшы кассадағы бойжеткенді қолындағы тапаншаға ұқсас затпен қорқытып-үркітіп, ақша талап еткен. Содан кейін сейфті кедергісіз ашқызған ол қомақты қаржыны пакетке салып, кері қаша жөнеліпті. Алайда, күдікті Алматыдан бой тасалап үлгермеген екен. Тәртіп сақшылары бейне камераның көмегімен күтпеген қонақтың кім екенін анықтап, қылмыстың ізін суытпай тұтқындапты. Бұрын сотталған 44 жастағы күдікті Ақмола облысының тумасы болып шықты. Қазір тергеу қапасында қамалған ол мұндай қадамға ақшадан тарыққасын барғанын айтыпты.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Негізі бұл қылмысқа жалғыз өзі барған. Қылмыстық кодекстің 192-бабы бойынша, 7 жылдан аса бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ол бұрын сотталған азамат. Сондықтан жазасы ауырлауы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!