Қояндыда иттердің өлексесі тура мешіт жанында жатыр
Нұр-Сұлтанның іргесіндегі Қоянды ауылы күл-қоқыстың астында қалды. Тіпті, қыстан бері ауыл көшелерінде жатқан ондаған иттің өлексесі иістеніп, шіри бастаған. Оларды өртеп, не сыртқа көміп тастайтын бір адам табылмапты. Ал, ауыл әкімі болса, Қояндыны қоқыс басуына жұрттың өзін кінәлап отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
05.04.2019
Жоқ, бұл қоқыс полигоны емес. Нұр-Сұлтан қаласының дәл жанында орналасқан 25 мың тұрғыны бар Қоянды ауылы. Қарасаң шашылған қалдықтан көрінбейді. Күл-қоқыс әр жерде үйіліп, барлық көшеге жайылып кеткен.
Тіпті, тау болып үйілген қалдықтардың арасында мынадай ит өлекселері жатыр. Құрт пен құсқа жем болған оларды ит атқыштар атып, ауыл ішіне тастап кеткен дейді тұрғындар. Айтуларынша, күн жылып, қар ерігелі осындай 70-тен астам өлексе табылған.
Сәкен Сұлтанұлы, Қоянды ауылының тұрғыны:
- Иттердің өлексесі мешіт жанында жатыр. Ауру тарайды ғой. Итті атқан соң алып кету керек. Анда-мында тастамай.
Расында, мақұлықтар, тістері ақсиып көрінген жерде жатыр. Мәселен, ақ, сұр, сары түстілері мешіттің айналасында, қалған екеуі мектептің дәл қасында шіри бастаған. Ауру тарай ма деп қауіптенген жұрт сасыған өлексе мен қоқыстан әбден мезі болғандарын айтады.
Индира Телеуова, Қоянды ауылының тұрғыны:
- Тазаласа екен. Негізі бір машина жүретін. Бірақ, мен өз басым оны біраздан көрген жоқпын.
Ал, бас қаладан 20 шақырым жердегі Қояндының әкімі ауылды қоқыс басуына өзін емес, жұртты кінәләп отыр. Өйткені, осы уақытқа дейін әр үйдің қалдығын тазалап келген фирмаға жұрт ақша төлемей қойған. Сондықтан шығынға батқан фирма жұмыс істеуден бас тартып, ауылды күл-қоқыс жайлады дейді.
Айбек Есеев, Қоянды ауылының әкімі:
- Мысалы бір көшеде 20 үй болса, сол көшенің 2-3 үйі ғана уақтылы төлейді. Басқасы сол 2-3 адамның атын жамылып, қоқысты жәшікке тастап кете береді. Неге қоқыс ақысын төлемейсіздер десек бұл үйде тұрмаймын деп адам сенгісіз себеп айтады.
Сондықтан, әкім жаңа кәсіпорынмен келісімге отырдық дейді. Ол бір-екі күнде қоқысты шығарып, шіріп жатқан өлекселердің де көзін жоюы тиіс. Бір қызығы әкімдік жұрттың мәдениетін арттыру үшін «тазалықты өзіңнен баста» деген мынадай банерлер іліп қойыпты. Алайда қарапайым халық бұндай жалынды ұраннан көрі, шенеуніктер нақты іспен айналысса екен деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!