Ақтөбеде аудан әкімдері әлеуметтік желіге тіркеліп әлекке түсіп жатыр
Әкімдер әлеуметтік желіге тіркеліп әлекке түсіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан соң жаппай жеке парақшаларын ашып, мамандардан сабақ алып жатқандары бар. Ақтөбе облысындағы әкімдерді әлеуметтік желіні жүргізуге үйрету үшін тіпті Елордадан мұғалім де алдыртқан.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.04.2019
Ақтөбе облысындағы Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов әлеуметтік желідегі парақшасын осыдан жеті жыл бұрын ашқан. Әзірге аймақтағы әріптестері арасындағы белсендісі сол. Үш баласы мен әйелін де жұрттан жасырмайды.
Жолдас Қалмағанбетов, Темір ауданының әкімі:
- Жастар қауымы, аудан жастары менің отбасымның, өзімнің күнделікті тұрмыс-тіршілігімді білгісі келетінін байқадым. Сол себепті оны қызметтік те, жеке парақшам ретінде де қолданамын.
Өзге әкімдер отбасы тұрмақ, парақшасын қалай жүргізу керектігін білмей бас қатырып отыр. Сондықтан шенеуніктер үшін Елордадан сабақ беруге маман алдырыпты. Олар тек Ақтөбе облысында емес, ел бойынша әкімдердің барлығы дерлік әлеуметтік желіні меңгеруде сауатсыз екенін айтады. Көбісі көмекшісі мен баспаөз хатшыларына жүктеп қойған.
Ақерке Берлібай, медиа-тренер:
- Әкімдердің өздері жазбайды. Баспасөз қызметінің қызметкерлері баспасөз хатшылары алдымен өздерінің парақшаларына жазады. Кейін әкімді тегтейді. Солай әкімнің парақшасында контент пайда болады.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Фейсбук желісіне осыдан бір апта бұрын тіркелген. Әзірге жалғыз жазба қалдырыпты. Оның парақшасын өзі ме әлде көмекшілері жүргізе ме біле алмай қойдық. Аймақ басшысы мен баспасөз хатшысы да бұл туралы мәлімдеме жасаудан қашып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!