Тараздағы жарылыстың себебі белгілі болды
Тараздағы бес қабатты үйде болған жарылысқа газ құбырындағы ақау себеп екендігі анықталды. Мамандардың мәлімдеуінше, ас үйдегі құбыр мен газ плитасы жалғанған тұстан ауаға тараған көгілдір отын бөлмелерге жиналып қалған. Ал оның неден тұтанғаны сол күйі анықталмады.
Автор: Руслан Әбдіхалық
05.04.2019
Талғат Сабыров, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Кешендік сараптама материалдары бойынша, жарылыстың басты себебі табиғи газдың ақауынан болып отыр. Нәтижесінде газ бен ауаның қоспасынан жабық кеңістікте жарылыс болды. Жарылыс орнында жарылғыш зат болған жоқ.
Қираған баспаналар қайта қалпына келтірілетінін айта кетейік. Жергілікті биліктің айтуынша, енді бар жарым айда жөндеу жұмыстары басталып, қазанның 15-не дейін пайдалануға берілмек. Ал зардап шеккен 21 отбасы Бәйтерек шағын ауданындағы уақытша үлестірілген үйде тұрып жатыр. Олардың коммуналдық төлемдері атқарушы билікке жүктелген. Еске салсақ, 27 ақпан күні Тараздағы көпқабатты үйдің бірінде жойқын жарылыс болған еді. Бірден үшінші қабатқа дейін қирап қалып, үйіндінің астында үш адам бастырылып өлген. Жарақат алған алты тұрғын ауруханаға түскен-ді. Оның бірі 65 жастағы пәтерінде дүмпу болған зейнеткер. Денесінің 50 пайызы күйіп қалған қария екі жетіден соң көз жұмған болатын. Ал басынан қатты зақым алған 32 жастағы келіншек әлі күнге ауруханада жатыр.
Ербол Ордабеков, №1 Тараз қалалық ауруханасы бар дәрігерінің орынбасары:
- Науқасты дүйсенбі күні үйіне жібергелі жатырмыз. Ол реабилитациялық ем алуы тиіс. Одан бөлек қосымша басына хирургиялық ота жасалатын шығар. Сырқат қазір тілге келді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!