Нұр-Сұлтанда үлескерлер үйлеріне кіре алмай жүр
Ал құрылыс компаниясы мерзімді қайта-қайта кешіктіріп жатыр. Кесірінен ондаған отбасы пәтер жалдап қып-қызыл шығынға батып отыр. Сондықтан әбден төзімі таусылған жұрт құрылыс алаңына барып нарызылық білдірді.
Автор: Әсел Тұмашқызы
08.04.2019
Бұл адамдар биыл қоныс тойын тойлаймыз деген қуаныш арманға айнала ма деп алаңдайды. Өйткені бір фирма құрылысты жарты жолдан тастап кеткен. Ал екінші компанияның нақты ісінен көрі сөзі көп дейді наразы топ. Осы кезде жұрт кісі есігінде күнелтуге мәжбүр.
Регина Васлимова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Осымен екінші жыл айына 140 мың теңгеге пәтер жылдап тұрамыз. Компания уәдесінде тұрғанда қазір 3 бөлмелі пәтерде отыратын едім. Сенім артып 17 миллион теңгені санап беріп едім. Дүние-мүлкімді біреудің қоймасына қойып едім. Жаңбыр жауғанда су астында қалып, шіріп кетті.
Даулы баспана мынау. Іргетасы 2015 жылы қаланған 9 қабатты екі үйдің қазір тек қаңқасы тұр. Әрқайсысында 36 пәтерден бар. Салымшылардың сеніміне кіргені сонша пәтер құнын 100 пайыз жинап алған. Ал жұрттың ашуынан қаймықты ма, пәтер даулап келгендерді мердігер компания құрылыс алаңына кіргізді. Жаздың соңында кілтті қолдарыңызға береміз деп уәдені үйіп төкті.
Рамиль Файзурахманов, «Лея» құрылыс компаниясының өкілі:
- Басшылық үйді тапсыру уақытын бірнеше рет кейінге шегергені рас. Өйткені, нарықтағы жағдай қиын. Қажетті құрылыс материалдарының бағасы күн сайын өсіп жатыр. Соған қарамастан жұмысты тоқтатпадық. Барынша тездетіп жатырмыз ғой.
Салымшылар бұған дейін де сан мәрте уәдеге сеніп тарқасқан. Нәтиже болмағасын әкімдіктен көмек сұрапты.
Сәния Есқалиева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Әкімдікке де бардық. Бақылауымызға аламыз дегеннен басқа түкте айтпады. Ал, прокуратура арыз жазыңыздар, қылмыстық іс қозғаймыз деді. Іс қозғалса, құрылыс тоқтап қалар деп арыз да жаза алмай отырмыз. Мен өзім үш бөлмелі пәтер үшін 27 миллион теңге құйдым. Кім көмектеседі бізге?!
Осылайша, үлескерлер күрескердің күнін кешуге мәжбүр. Себебі, бұл үйдің жыры әзірге бітпейтін секілді. Дауға қалған компания тамызда баспана кілтін табыстаймыз деп уәде еткенімен, әбден сенімнен қалған. Сондықтан адамдар құрылыс аяқталғанша, баспанасын күнде келіп күзетеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!