Ауруханаларда тегін дәрі науқастарға таратылмаған
Тегін дәрілерді жұртқа таратпағаны үшін 11 өңірде 20-дан аса қылмыстық іс қозғалған. Тегін препарат алмадық деген шағымдар көбейген соң Денсаулық сақтау министрлігі аймақтарды тексеруге шықса, заңсыздықтар жетіп артылады екен.
Автор: Ербол Тұрымбет
08.04.2019
Людмила Бюрабекова, Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрайымы:
- Жамбыл облыстық СПИД-ке қарсы орталықта 2018 жылы дәрі-дәрмек керек болғанда 2017 жылдан қалған құны 28 миллион теңгені құрайтын препараттар ескерілмеген. Осының кесірінен былтыр екі есе артық дәрі алып қойған. Енді биыл артылып қалғанын құр жойып жіберуі мүмкін.
Осындай бассыздықтардың кесірінен науқастар тегін дәрі-дәрмек ала алмай қала береді екен. Мәселен, жергілікті медициналық мекеме басшылары 2016-2017 жылдары жалпы құны 4 миллиард 300 миллион теңгенің тегін дәрісін жұртқа үлестірдік деп алдап келіпті. Ал шын мәнінде ол дәрілер қоймада жатып қалған. Не үшін екені белгісіз. СПИД, құрт ауруы, онкологиялық аурулар бойынша берілетін тегін препараттарға қатысты да 70 медицина мекемесіне тексеру жүргізіліпті. Олардан да өтінішті дұрыс толтырмау, дәрілерді дұрыс таратпау, жалған құжат толтыру сынды өрескел қателіктер анықталған. Министрлік істің барлығын жинастырып, Бас прокуратураға беріпті. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!