Ауыл тұрғындары қалаға алып шығар жалғыз жолдан айрылды
Ақмола облысында тағы 1 тоған бұзылды. Зеренді ауданына қарасты Алексеевка ауылы тұрғындары селдің кесірінен қалаға алып шығар жалғыз жолдан айрылды. Апат орын алған күні екпіндеп аққан өзен суына автобус та құлап кеткен. Әйтеуір, адам шығыны жоқ. Бір аптадан бері тасқын кесірінен көпірсіз қалған жұрт бергі жақтағы жұмысына жету үшін топырағы езіліп жатқан егістік алқап үстімен қатынап жүр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
08.04.2019
Тоғанның топырағы опырылып, құбыры суға ағып кететін жағдай жылда қайталанады. Алексеевка ауылы облыс орталығынан небәрі 20 шақырым ғана. Көзді ашып жұмғанша жететін жерге, көпір жоқ себепті мына егістік алқаптың ми балшығына батып, әрең жетеміз, - дейді ашынған тұрғындар. Оларға мына тоған үстіндегі көпір ауадай қажет. Өйткені, олар жұмыс істейтін 5 бірдей өндіріс орны осы нысанның бергі жағында.
Нұрболат Ұлықпанов, Алексеевка ауылының тұрғыны:
- Мынаны тоған дегенге күлкіміз келеді. Бірнеше труба салып, топырақпен жаба салған. Мынадай сел шаймағанда ше? Бірақ, ешкімге керек емеспіз. Әкімдер қайда? Біреуі келсе ғой. Арғы бетте қалдық, халімізді сұраған, тым болмаса жұбатқан жан болмады. Егістіктен ескі жолды тауып әупірімдеп өтіп жүрміз. Бұл негізгі жалғыз жолымыз. Біз сол жолдан айрылып тұрмыз.
Көлігі барлар батпаққа қарамай егістікпен тас жолға шықса, көлігі жоқтар қауіптілігіне қарамастан мына теміржол көпірімен жаяулап жүреді екен. Стратегиялық нысанда тіпті күзет те жоқ. Шағалалы өзені арнасынан асып, жан жаққа жайылғанда бұл маңның барлығын су басқан. Әкім болса, көпірдегі құбырларды өзіміз алып тастадық дейді.
Қайрат Алхатов, Алексеев ауылдық округінің әкімі:
- Жоқ көпірді шәйіп кеткен жоқ, біз оны суды өткізу үшін бұздық. Арнайы техника тұрды.Сол маңайдағы үйлерді аман алып қалу үшін солай істедік. Былтырға дейін ол көпірді жөндеуге ауданда қаражат боламады. 1 жылдан бері «Казводхоз» қарамағына берілді.
Ауылда тіпті, мұсылман зиратына да жол жоқ. Бұл жерде доломит тасын өндіретін алып кеніш орналасқанымен бір көпірге жарымай отыр.
1 апта бұрын судың екпінінен жұлынып кеткен тоған жақын арада қалпына келтірілмейді. Синоптиктер егістиктегі қар тегіс ерімегендіктен тасқынның тағы күш алуы мүмкін деп ескертіпті. Бұл 700- ге жуық тұрғыны бар Алексеевка ауылына әлі айға жуық жол болмайды деген сөз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!