Ескі Қалқұтан ауылы телегей судың ортасында қалды
Ақмола облысында Ескі Қалқұтан ауылы телегей судың ортасында қалды. Қалқұтан өзенінде судың шекті деңгейінен 1 метр асып кеткендіктен, далаға жайылып, ауылды қоршап қалған. Көлік қатынасы үзілген, тұрғындар ауылдан аттап шыға алмай отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
08.04.2019
Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитенінің төрағасы:
- Қалқұтан, Ескі Қалқұтан және Ягодная ауылдары өте қиын жағдайда. Ескі Қалқұтан ауылында 20 үйдің ауласын су басып қалды. Құм толы қапшықтардан ұзындығы 1 жарым шақырым қорған тұрғызылған еді. Соның арқасында қалған үйлер аман қалды.
Атбасар ауданында да қауіп сол күйі сейілмей тұр. 3 жарым метрге дейін көтеріліп алған Жабай өзенінің суы әлі азаяр емес. Ертіс өзенінің де арнасы сәт сайын толып келеді. Өйткені, Шүлбі су қоймасы осы күні толып тұр. Артық суды сыртқа ағызып жатыр. Алдында 700 текше метрден жіберіп отырса, бүгін мың жарым текше метрге жеткен. Ал оның бәрі Ертіске құяды. Енді абайламаса, Шығыс Қазақстан облысын телегей теңіз қылайын деп тұр. Өзен бетіндегі мұздың сынуы да жығылғанға жұдырық болып Семейден ары өте бере кептеліп қалған. Соның кесірінен Кривинка ауылындағы 500-ге тарта адам апат аузында қалып тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!