«Айтқанын істедім»: Екі адамның өліміне айыпталған жігіт сотта шындығын айтты
Маңғыстау облысында қандаланы улаймын деп 2 адамды ажал құштырды делінген 25 жастағы азаматқа қатысты сот басталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Алматыдағы компанияның атын жамылған Ғалымжан Жайлаудың ешқандай лицензиясы болмаған. Тіпті, күдіктінің көпқабатты үйдегі қандаланы құрту үшін қолданғаны - ауылшаруашылығына арналған улы химикат екен.
Автор: Мақсат Мәлік
08.04.2019
Алайда, өзіне шаң жуытпаған сотталушы барлығын жұмыс берушінің нұсқауымен атқардым деп, тіпті дәріні де солардың айтуымен базардан сатып алдым деп отыр.
Маңғыстаулықтарды есеңгіретіп кеткен қайғылы оқиғаның мән-жайы 5 ай тергіліпті. Сотталушы Ғалымжан Жайлауовқа 29 жастағы Шынарай Сүйіндік пен 2 жасар Фируза Дастанқызының өліміне кінәлі деген айып тағылған. Айта кетейік, сот залындағы күдікті былтыр қараша айында көпқабатты үйдегі қандаланы құрту үшін дизенфекция жұмыстарын жүргізеді. Алайда, уытты заттан уланған 7 адам аурухана түсіп, екеуі көз жұмады. Ал, көз жасын көл еткен марқұмдардың туысқандары әлі өз-өздеріне келе алмай жүр.
Жаңылсын Сисенғалиева, Марқұм Ш. Сүйіндіктің енесі:
- Менің келінім жеті қабат жер астында жатыр. Білесіңдер ме, түсінесіңдер ме, ананың баласы қайтқанын қалай болатынын. Менен балам сұрайды, анашым қайда деп. Жүрегім ауырады. Бұлар болса маған ауызыңды жап дейді.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктінің Алматыда орналасқан әлдебір компанияның атын жамылып, ешқандай лицензиясыз жұмыс істеген. Оның үстіне ауылшаруашылығына арналған улы химикат қолданыпты. Мамандар мұндай дәріні үйге мүлде жолатуға болмайтынын айтады.Бірақ, өзіне шаң жуытпаған Ғалымжан Жайлауов бар-жоғы 5 ай қызмет еткенін алға тартып, жәндіктерді улау шараларын жұмыс берушінің нұсқауымен атқарғанын айтады. Тіпті, кінәсіз екеніме бұлтартпас дәлелім бар дейді сотталушы.
Ғалым Жайлауов, сотталушы:
- Түскен өтініші чектері бәрі бар менде. Бұл жерде оператор Әсел. Ол маған түскен тапсырыстарды беріп отырады. Директордың інісі Димаш бар. Ол да маған тапсырыс жіберіп отырды. Базардан сатып ал деді. Бәрін істеп отырдым.
Сотталушыға «санитарлық қағидаларды бұзып, екі адамның өліміне әкелу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Айыбы дәлелденсе 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал, кінәліні қатаң жазаға тартуды сұраған марқұмдардың туысқандары, аймақтағы осы тақілеттес оқиғаларға шенеуніктердің назар аударын талап етіп отыр. Себебі, екі адамның өмірін жалмаған қайғылы жайттан соң Ақтаудағы тағы бір зинякестерді улау шарасы 6 жастағы баланың өлімімен аяқталған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!